Жарнама
Жаңалықтар

Айнала таза болмай, адамда маза болмайды

Бүгінде Атыраудағы күл-қоқыстың жайы өзекті болып тұр. Кеше облыс әкімі Нұрлан Ноғаев өткізген алқалы жиын да тұтастай осы проблемаға арналды. «Облыс аумағындағы қатты тұрмыстық қалдықтарды реттеу мәселелері туралы» кеңеске мәслихат депутаттары, қала, аудан және селолық округ әкімдері, қоғамдық ұйым жетекшілері қатынасты.

%d0%b0%d0%b9%d0%bd%d0%b0%d0%bb%d0%b0-%d1%82%d0%b0%d0%b7%d0%b0-%d0%b1%d0%be%d0%bb%d0%bc%d0%b0%d0%b9-002

Тұрғындардан шағым көп

Қала тазалығына қатысты тұрғындардың шағымы көп. Жағдайдың бақылаусыз кеткендігіне бұдан бұрын қала басшыларын, «Арнаулы автобаза» мекемесінің жетекшілерін ертіп, шаһарды аралаған облыс әкімі де көз жеткізді. Қоқыс контейнерлері уақытылы тазаланбағандықтан, лас қалдықтар тау-тау болып үйіліп, айналасы қопырап жатыр. Әсіресе, Жұмыскер селолық округі аумағындағы ахуал өте қиын жағдайда. Аймақ басшысы Нұрлан Ноғаев осы сапарында «Арнаулы автобаза» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде де болып, кәсіпорынның қызметімен танысты. Жасалмаған жұмыс, ұйымдастырылмаған шараны атап көрсетіп, өткір сын айтты. Арнайы техника мен жұмыс қолы жетіспейтіндігін алға тартқан мекеме басшысының уәжімен де келіспеді.

Алғашқы кезде  әкімдік жұмысқа қажетті техникаларды алып берді. Алайда, сіздер оны алмастырмай отырсыздар. Кәсіпорын жылына 500 миллион теңгеден астам қаржы табады. Ендеше, техниканы өз күштеріңізбен жаңғыртуға қандай жағдай кедергі? Мен бұл арада бүкіл паркті айтып тұрғаным жоқ,  жыл сайын үш-төрт қоқыс тасығышты алуға мүмкіндіктеріңіз бар. Оны алу үшін біздің нұсқауымызды күттіңіз бе? Бұлай жұмыс жасауға болмайды, — деді Нұрлан Асқарұлы «Арнаулы автобазаның» басшысына.

 

Әкімшіліктегі алқалы жиын

Қала көшелеріндегі келеңсіз көрініс облыстық әкімдіктегі кеңесте кеңінен талқыға түсті.

— Елді мекендердің тазалығы, өндірістік қалдықтарды өңдеу, пайдаға асыру жайы  Елбасының қатысуымен өткен қауіпсіздік кеңесінің отырысында талқыланды. Сол алқалы жиында барлық деңгейдегі әкімдерге осы мәселені шешу тапсырылған болатын, — деген облыс әкімі проблеманың өте маңыздылығына тоқталды.

Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Қадыржан Арыстан аумақтағы тұрмыстық қалдықтарды реттеу мәселесі, орын алған кемшіліктер турасында кеңінен айтып берді.

Облыстың бас экологының баяндауынша, қазіргі күні тұрғындардан күл-қоқыстың мезгілінде жиналуы, әкетілуіне байланысты арыз-шағымдар көбейген. «Мұның алғашқы себебі, қоқыс алаңдарының ешбір талапқа жауап бермейтіндігінде дер едім. Сыртқы қоршауының өзі лас, майысқан, сүреңсіз орынға қарапайым тұрғындар жақындай алмай, қолындағы пакетін екі метр жерден лақтырып кетеді» деді ол. Екінші себеп, жұртшылықтың үйінен шыққан жиһаз, диван, құрылыс материалдары секілді заттарды тау-тау етіп үйіп тастауында екен. Оны арнайы орынға апару «Арнаулы автобазаның» міндетіне кірмесе де, үйіндінің орнын амалсыздан тазалауға тура келеді.

Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы аудандарға да жекелей тоқталып, қазіргі қалыптасқан жағдайды слайдтармен көпшілікке көрсетті. Байқағанымыз, қай өңірде де қоқысқа қатысты проблема өте көп. Мәселен, Жылыой ауданында бұл сала мүлдем бақылаусыз қалған. Оны Құлсары қаласының әкімі Шәкір Кейкін де, коммуналдық салаға жауапты аудан басшылары да көрмеген болып шықты. Ертеңгі күні қоқыспен қоректенген малдың сүтін ішіп, арам етін жеген жандар ауруға ұшырамасына кім кепіл?! Мұндағы лас қалдықтарды шығаруда да үйлескен іс байқалмайды. Осы міндетке негізінен жауапты «Жылыой-тазалық» кәсіпорнының басшысы «АртТри» деген жекеменшік құрылым екі ай бойы ешқандай келісім-шартсыз жұмыс жасады. Тек соңғы бір айда ғана прокуратура, экологияның араласуымен келісімге келді» десе, аталған жеке иеліктің иесі  «Құлсарының тазалығына байланысты сұрақ маған қатысты емес» деп ат-тонын ала қашты.

— Байқасаңыздар, бір мәселеге орай үш түрлі пікір бар. Бәрі де бастық. Дегенмен, бірде-бірі өздеріне жауапкершілік алғысы келмейді. Оны әркімге сілтей салуға құмар. Сонда жұмысты кім жасайды? – деді осы тұста облыс әкімі Нұрлан Ноғаев.

 

«Ақшамыз далаға кетіп жатыр»

Едәуір жалақысы болғанымен, жұрт қоқыс жинаудан қашқақтайды. Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Еркін Шпановтың пікірінше, Атырау облысында 50-70 мың теңге еңбекақылы жұмысқа ешкімді жетектеп әкеле алмайсың. Керісінше, бұл кәсіпті өзбек, қарақалпақ ұлтының өкілдері қиналмастан атқарып жүр.

— Ұлттық банктің мәліметіне қарағанда, тек биылдың өзінде Атырау облысы боынша 700 млн. теңге осындай жалдамалылардың арқасында Өзбекстанға асыпты. Шындығында, мұның көлемі 1 млрд. теңгеден жоғары. Ал, осы міндетті өзіміздің қаракөздер қолға алса, айналасындағылар келеке қылады екен, — деді басқарма басшысы.

— Мемлекеттің барлық мәселесін басқа республикалардан келетін адамдарға артып, жайбарақат отыра береміз бе? Осыған орай бір мысал келтірейін, жуырда қабылдауыма бір адам келді. Айтайын дегенім, ол менен жұмыс сұрады. «Арнаулы автобазадан» 80-120 мың теңге жалақысы бар жүргізушілікке орын болғандықтан, соған барыңыз» десем, «маған жаңа машина бере ме екен, жұмыс графигі қалай екен?» деп өзіме қарсы сұрақ қояды. Сөйтсем, ол маған «ТШО, НКОК секілді алып компанияларға жұмысқа тұрғыз» деп келіп тұр екен. Меніңше, олай болмауы керек, мұндай қалыптасқан теріс түсініктен арылатын уақыт жетті, — деді аймақ басшысы Нұрлан Асқарұлы.

 

«Қоқыс  жинауға  басқа  өңірден  шақырамыз»

Облыстық қоғамдық кеңестің төрағасы Мұрат Өтешов көпшіліктің көкейінде жүрген көп мәселені көтерді. Бүгінде тиісті заңдылықтарға қарамастан кез келген жерге қоқыс төге салатын, топырақты опырып, тиеп әкететін пысықайлар шығыпты. Контейнерлердің айналасы тұрмақ, көпірлердің астына дейін қоқысқа толып кеткен. Қала маңындағы зираттар да қоршалмағандықтан, арасынан аяқ алып жүргісіз.

— Атырау қаласының кейбір аумағында ондаған мейрамхана, дәмхана, сырахана, дүкен, түнгі клубтар қатарласа орналасқан. Олар іргесіндегі қоқыс жәшіктерін әп-сәтте-ақ толтырып қояды. Сонда қарапайым тұрғындар үйінен шығарған лас қалдығын қайда төгеді? Бұл мәселені шешудің жолы ретінде қатты тұрмыстық қалдықтарды төгудің ақысын осындай қоғамдық орындарға көбейту қажет деп білемін. Сонда олар қалтасынан ақша шыққаннан соң ойланар еді, — деді  ол.

Атырау қаласының әкімі Серік Шапкенов «Арнаулы автобаза» ЖШС-нің бүгінгі мүсәпір жайын сөз етті. Мұндағы 45 арнаулы көліктің 14-і жарамсыз күйінде тұр. 400 штаттық орын болғанымен, кәсіпорында 135 адам ғана жұмыс жасайды. Контейнерлер жеткілікті, дегенмен оны тасымалдап әкететін техника жоқ.

— «Арнаулы автобаза» жұмысшы-қызметкерлеріне берілетін жалақыны өзге облыстармен салыстырып көргенбіз. Оңтүстік Қазақстан облысында  біздегіден екі есеге кем алады. Ақтөбе, Батыс Қазақстан аймақтары туралы да осыны айтуға болады. Сол себепті атыраулықтар бұл жұмыстан қашқақтаса, оңтүстіктегі өзіміздің қандастарымызды вахталық әдіспен әкеліп, еңбек еткізудің мүмкіндігін қарастырамыз, — деді  шаһар басшысы.

Алқалы жиынды облыс әкімі Нұрлан Ноғаев қорытты. «Күні кеше қала тазалығын тексеріп жүріп, «Арнаулы автобаза» мекемесінің қызметімен таныстым. Аңғарғаным, 2007-2008 жылдары шыққан немістің «МАН» деп аталатын керемет техникалары іріп-шіріп тұр. Шетелдің машиналарын күтіп ұстаса, отыз-отыз бес жыл ешқандай кідіріссіз пайдалануға болады. Ал, біз мұндай қымбат дүниелердің неге тоз-тозын шығардық? Ендеше, бұл саладағы проблемаларды шешеміз, тәртіпті жолға қоямыз десек, ең алдымен мемлекет меншігіне деген қамқорлықты, «қаламның тазалығы» деген жанашырлықты қолға алуымыз, кеңінен насихаттауымыз қажет. Әйтпесе, біржолғы науқандық жұмыстан ештеңе өзгермейді. Ал, бастысы, біз бұл іске кәсіпкерлерді көбірек тартуымыз керек» деді өңір жетекшісі Нұрлан Асқарұлы.

%d0%b0%d0%b9%d0%bd%d0%b0%d0%bb%d0%b0-%d1%82%d0%b0%d0%b7%d0%b0-%d0%b1%d0%be%d0%bb%d0%bc%d0%b0%d0%b9-001

Азамат Базарбаев.

 

Related Articles

One Comment

  1. Жұмыскер селолық округі, Актау-Амантурлин кошесинин килысында 3-жыл болган кокыс жатыр. Ватсап обл.акиматына да спецавтобазагада фотоларын жибердик еш кандай натиже жок. Кокыстын ішінде өлген сиыр, құстар, ит пен мысық .. кірпігедейін жатыр .. памперс шіріген жеміс жидекті айтпаганда. Бүйелердің түр түрін кездесуге болады. Бұл қоқысты қашан тазартар екен ?

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button