Жарнама
ЖаңалықтарСарапTimeҚоғам

Автобустағы жолақы: электронды билет «БАРРИКАДАЛАРЫ»

Atr.kz/18 қазан, 2019 жыл. Атырау қаласындағы қоғамдық көлікте электронды билет жүйесі енгізілді. Алайда, қала ішінде жолаушы тасымалдайтын автобустарда электронды билетке түрлі «баррикада» жасалып отыр.

Кейбір автобуста валидаторлар жұмыс істемейді. Мұны сылтау еткен кей маршруттағы автобус жүргізушілері рейске де шықпай жүр. Ал, кондукторлар жолаушылардың электронды картасына ақша салудан бас тартады. Сонда электронды картасы бар жолаушылар не істемек? Тіпті, кондукторлар жолаушыларға «валидатор «қуып» тұр, жолақыны қолма қол 150 теңгеден төлеңіз» дейді. Мұны қалай түсінеміз?

Егер «Смарт-Атырау» коммуналдық-мемлекеттік кәсіпорнының директоры Әділбек Таңқиев телефонға жауап беріп, кейбір мәселенің мәнісін түсіндірсе, онда мүмкін мұндай сауалдар туындамас еді. Біз де оқырманға жағымды жаңалықты жан-жақты ұғындырып, тың бастаманың баянды болуына үлес қосудан қашпаймыз.

Бірақ, қоғамдық көлікте сараланған тариф енгізу о бастан қосымша қиындықтар туғызды. Жолаушылар оны әлі де ұғынып үлгерген жоқ. Бұған өзіміз де күнделікті куә болып жүрміз. Біріншіден, бұл әдіске кондукторлардың өздері қарсы тәрізді. Олардың мінезінде тосын өзгеріс бар. Қай автобусқа мінсең де, алдымен алақаныңа қарайды.

Төлем картасын ұсынғандарға көз алартады. Неге? Жасыратыны жоқ, бұған дейін жолаушылардан түскен теңгенің бір бөлігі солардың қалтасында кетеді. Бұл жөнінде үлкендікішілі басқосуларда ашық айтылатын. Сөйтіп, салықсыз пайда көреді. Айлығына ақша қосады. Мамандардың пікірінше, төлем картасын енгізу арқылы осы о л қ ы л ы қ т ы ң о р н ы толтырылмақ.

Кейбір деректерге қарағанда, жолаушы тасымалымен шұғылданатын мекемелер жылына үш миллиард теңге төңірегінде табыс табады екен. Енді оның көлемі кем дегенде үштен бірге артады. Сонда бұған дейін 33 пайыз шамасындағы қаржы көлденең кісілердің қалтасында кеткені ме? Мүмкін «Адалдық алаңын» алдымен автобус парктерінде жүзеге асырған жөн болар? Кондукторлардың жаңалықты жақтырмай жүргені уыстап ұстайтын ұсақ тиындардан қағылғанынан шығар? Солар жұмыс соңында сытырлаған теңгеге айналады ғой..

Екіншіден, тың тәсіл туралы талай айтылды. Алдымен, 1 қыркүйекте көшпек болдық. Оны сол айдың он бесіне жылжытты. Содан 1 қазан аталды. Тағы да 11не қалдырылды. Әйтсе де, бұл жөнінде Атырау қаласы әкімінің қаулысы биылғы 26 қыркүйекте қабылданыпты. Сонда жаңа әдіске көшуге алдыңғы талпыныс шаһар басшысының қол қойған құжатынсыз жасалған ба? Әрине, мерзімінде тұрған еш нәрсе жоқ, ақыры жүзеге асырылды ғой.

Рас, «СмартАтырау» мекемесі басшылығы кейінге қалдыруларды халықтың төлем картасын алып үлгермегенімен байланыстырды. Әрине, үлгермейді, егер ұтымды ұйымдастырмаса. Күллі қалалықтарға төрт-бес жерде ғана қызмет көрсетілді. Кезекке тұрғандардың соңы құрқылтайдың ұясындай орынға сыймай, сыртқа шығып кетті. Арасында компьютер бұзылды. Дайын картаны таратуда шатасты. Жұрттың бірнеше рет баруына тура келді.

Мұның бәрін лауазымды тұлғалардың қайсысы көрді? О баста зейнеткерлер, мүгедектер мен көп балалы аналар төлем картасын тегін алатыны айтылды. Бұл жеңілдікті қанша адам пайдаланып үлгергенін қайдам, бірақ, кейін осы әлеуметтік қолдауды қажет ететін топтан мүмкіндігі шектеулі жандар ғана жүріс құжатына ақысыз қол жеткізді. Өзгелері зейнетақысы мен жәрдемақысынан жырып, 500 теңгеден төлеуге мәжбүр болды. Енді осы төлем картасын теңгемен толықтыру керек емес пе?

Тұрғындар тағы тығырыққа тірелді. Кондукторлар өздерінде мұндай мүмкіндік жоқ екенін айтады. Терминалдар жұмыс жасамайды. Қазір шаһарда іші бос, түкке жарамайтын карталарын қолына ұстап жүргендер жетерлік. Әсіресе, қарттарға обал-ақ. Терминалдың тілін де білмейді, әркімге жалынады. Олар төлем картасымен бұрынғыша 40 теңгемен жүруі тиіс қой. Енді солардан сексен теңге сұрап, кондукторлар төбесін тесіп барады. Сараланған тарифтің талабы солай. Сонда карталарына кажетті ақша салып үлгермеген үлкен кісілер қайтеді?

Үшіншіден, автобустардағы валидаторлардың бәрі жарамды ма? Қазір қоғамдық көлік мұндай құралмен 95 пайызға қамтамасыз етіліпті. Демек, әлі бес пайызында жоқ. Сонда жолаушылар қайтеді? Шаһар әкімшілігі мұндай жағдайда жұрттың жолақы төлемеуге құқы бар екенін айтады. Бұған кондукторлар көнер ме? Жеке автобустар иелері маршрутқа шықпай қойса қайтеді? Халықты тегін тасымалдау оларға тиімсіз ғой. Бұл жай қалай реттелмек? Төртіншіден, жаңа жүйе
жүргізушілердің өзара жарысуына, автобустардың аялдамаларда табандап тұрып алуына тоқтам сала ма? Кейбір деректерге қарағанда, жүргізушілердің ж а л а қ ы с ы 2 0 0 мың теңге екен.

Кондукторлардікі ше? Егер бұлар тұрақты айлық алатын болса, қолма қол ақша төленбесе, онда қазір күнде көріп жүрген жоғарыдағы жайды қайталаудың қажеттілігі жоқ. Әлде әлі де мекемеге тапсыратын күндік табысының мөлшері сақталды ма? Онда, әрине, соны орындау үшін бұрынғыша бірін-бірі басып та озады, жолаушының ж ү й к е с і н ж ұ қ а р т ы п жайбасарлыққа да салынады. Сонда біз не ұттық?

Бесіншіден, егер валидатор істен шықса, онда картасы бар жолаушылар әдеттегідей 80 теңге төлейді екен. Рас, қолма қол ақшамен. Бұрын бұған халықтың кінәсі жоқтығы ескеріліп, жабдық жөнделгенше тегін жүретіні айтылған-ды. Қазір мекеме басшылары айнып қалыпты. Сірә, қайта есептеп, қыруар шығынға бататынын байқаған болар. Мұның тағы бір ораламсыздығы – жұрт қай автобуста валидатор жасамай тұрғанын сол сәтте қайдан біледі? Қолындағы картасына сеніп, қалтасына ақша салмай шығуы мүмкін ғой. Ертең қоғамдық көлікте осындай дау туындаса, оған таң қалуға болмайды. Оның ақыры неге соғуы мүмкін?

Алтыншыдан, мекеме басшылары қоғамдық бақылаушылар қызметіне сүйенбек секілді. Халықтық қадағалау қажет шығар. Рас, бұған дейінгі мекеме басшылары осындай тәсілді қолданған. Оған тартылған адамдарды көлікте тегін жүретін куәлікпен қамтамасыз еткен. Оның азды-көпті қайтарымы болды. Бірақ, бақылаушылар тек жүргізушілер мен кондукторлардың қызметіне қырағылық танытпай, керек кезінде оларға жәрдемдескені жөн.

Қоғамдық көлікте түрлі кісілер кездеседі, кейбірі қызкеліншектерге күш көрсетеді. Сонда араша түспесе, несіне қоғамдық бақылаушы болады? Автобуста ақысыз жүру үшін ғана ма? Ендеше, қазіргі мекеме басшылары бұларға осындай талап қойғаны абзал. Тіпті, мұндай іске журналистерді жұмылдырса артық емес.

Ақырында, жетіншіден, «Смарт-Атырау» кәсіпорны басшылары мен мамандары ара-тұра қоғамдық көлікке мініп, қолға алған шараларының қаншалықты тиімділігін жеке қадағалағаны жарасымды болар еді. Қанша дегенмен, жаңа іс жанданып кеткенше кейбір жаңсақ тұстары болады. Соны өздері көріп, дер кезінде шарасын алса, адамдар алғыстан басқа не айтар?

P.S.

Cонымен, жаңа жүйе күшіне енді. Оның қаншалықты өміршеңдігін уақыт көрсетеді. Мекеме басшылары жоғарыда айтылған жайларды тырнақ астынан кір іздеуге жатқызбай, ортақ істің оралымдығы үшін айтылғанын түсінсе, қорытынды шығаруға ұмтылар. Өйткені, көпшілікті күпті еткен бастаманың баянды болуы жүргізуші мен кондуктордың да, жолаушының да ризалығына қатысты.

Меңдібай СҮМЕСІНОВ

Суреттерді түсірген:

Әнуар ӘБІЛҒАЗИЕВ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button