АУЫР НАУҚАСҚА – 1,5 млн. ТЕҢГЕ
Atr.kz/28 шілде, 2020 жыл. Ауыр халдегі науқасты емдеуге 1,5 млн. теңге жұмсалады. Бұл туралы «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ басқарма төрағасы Болат Төкежанов айтып берді.
– Қазір қосымша 110 млрд. теңге бөлу мәселесі қарастырылып жатыр. Ал, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі аясында елімізде қосымша 140 млрд. теңге бөлінеді. Бұл есептеулер әлі нақтыланатын болады, өйткені олар коронавирус пен пневмония бойынша эпидемиологиялық жағдайдың қалай өрбитініне тікелей байланысты, — деді ол.
Басқарма төрағасының айтуынша, Қор КВИ диагностикасына, емдеуге және асқынуларға байланысты барлық шығынды медициналық ұйымдарға өтеу үшін емдеудің ауырлығын ескере отырып, жаңа тарифтер әзірледі. «Осылайша, коронавирустық инфекцияның жеңіл деңгейіндегі бір науқасты емдеу – 292 600 теңге, орташа деңгейдегі науқас – 446 100 теңге, ауыр науқасты емдеу – 1,5 млн. теңге. Өте ауыр халдегі бір науқасты емдеу үшін Қор 1,7 млн. теңге төлейді» деді Болат Төкежанов.
Азамат БАЗАРБАЕВ