Ауылдық округтегі қауырт қызмет: мемлекеттік қызметшінің бір күні
Мемлекеттік қызметшілердің халықпен байланысы қандай деңгейде, күнделікті атқаратын қызметтері қандай? Осы сауалдарға жауап тосу мақсатымен Атырау қалалық әкімдігіне қарасты Ақсай ауылдық округіне арнайы барғанбыз. Округ әкімі Боранбай Тұрмұхан әкімдіктің бір күндік жұмысымен таныстырды.
Ажарлы Ақсай, Ақжарым… Қаладағыдай емес, ауылдың көшелеріндегі көлік қозғалысы аздау екен. Келе жатқанда байқағанымыз, Ақсай ауылдық округінің əкімдігі орналасқан бір қатарлы ғимарат соңғы жылдары күрделі жөндеуден өткен. Оны жайқалған жасыл желек ағаштар көмкеріп тұр. Табалдырықтан аттағаннан кейін айналамызға көз салып, бағдарладық. Мемлекеттік рəміздер белгіленген орындарында тұр. Кабинеттер таза. Құжаттар салынған папкалар орын орнында. Біз келген уақытта мекеменің интернет желісі жұмыс істемей қалып, байланыстан қиындық туындаған екен. Оны сервис орталығының жөндеуші жігіттері келіп, қарап жатыр. Ақсай ауылдық округінің əкімі Боранбай Сағындықұлының жаңа лауазымдық қызметке тағайындалғанына көп уақыт өтпепті. Соған қарамастан жергілікті жердің жағдайын жетік біледі. Оған осы əкімдікте бас маман, 1999-шы жылдан бері мемлекеттік қызметте келе жатқан тəжірибесі себепші болса керек. Ал, оның негізгі мамандығы мал дəрігері екен.
– Ауылдық округтегі қызмет дүйсенбі күні таңертең қызметкерлермен кеңесіп, тапсырмалар беруден басталады. Оның уақытылы орындалуы өте маңызды. Себебі тұрғындар жергілікті əкімдікке мəселесін айтып, арқа сүйеп келеді. Сондықтан «мемлекеттік қызмет – халыққа қызмет» ұстанымының аясында əр қызметкер өзіне артылған міндетті абыроймен атқарып отыр, — деген ауыл əкімі тұрғындардың тазалық акцияларына белсене араласа бастағанына ерекше тоқталды. Ауыл тұрғындары көбінде жазғы суға байланысты жиі шағымданады екен. Ауыз суға қатысты да шешілмей жатқан проблемалар аз емес болып шықты.
Округ əкімінің айтуынша, бұл мəселе – Атырау қаласы əкімінің ұдайы назарында. Ауыл халқына бүгінгі жағдайды түсіндіріп, мүмкіндігін қарастырып жатқандығын баяндады.
– Жазғы су жүргізу өте көп қаражатты қажет етеді. Қолдағы қаржымыз жобалық-сметалық құжаттама дайындаудан аспай тұр. Осы себепті тұрғындарды толғандырған жағдайды шешу мақсатында тиісті орындарға хат жазып, мәселе көтеріп отырмыз, — деді ауыл әкімі.
Ауыл әкімдігінің жұмыс кестесі – таңертеңгі 9.00-ден кешкі 18.30-ға дейін. Осы уақыт аралығында қызметкерлердің қарбаласып жататынын аңғардық. Бұл ауылдық округтің әкімі аппаратында былтырға дейін 8 штат болған екен. Биыл әкім орынбасары басқа қызметке ауысқаннан соң бұл штат қысқартылыпты. Соған сәйкес жұмыс ауқымы ұлғайып, қызметкерлерге артылатын жүк те көбейген. 6564 гектар жерді алып жатқан Ақсай ауылдық округінің өзіндік тарихы бар. Кеңес үкіметі ыдырағаннан кейін, атаулары қайта жаңғыртылыпты. Бұрынғы Дальний ауылы Ақжар, Ленинград атауы Ақсай болып өзгертілген. Көнекөз қариялардың баяндауынша, Ақсай ауылдық округінің табаны бұрынғы теңіздің орны болған. Су тартылғаннан кейін, ізінде аппақ сай қалғандықтан, Ақсай аталған көрінеді. Ақжар ауылының аталуы да бекер емес болып шықты. Бұрын жол қатынасының қиындығынан тұрғындар Махамбетке дейін кемемен қатынайды екен. Кемеден жардың тұсына келіп түсетіндіктен, осы маң Ақжар деп аталған. – 1000 жер телімі, 30 көшесі бар Ақсай-2 ауылына халық толықтай қоныстанған. Ақжар-2 ауылында 600 жер телімі, 20 көшесі бар. Бұл ауылдардың жағдайы жақсарып келе жатыр. Тұрғындары таза ауыз сумен қамтылған, электр энергиясы мен газ желісі толықтай жүргізілген. Көлік жолдары мен жаяу жүргіншілер жолы да төселген. Дегенмен басты проблема жаз кезінде сыздықтап ағатын суға байланысты болып тұр, — деген ауыл әкімі шешімін күткен шаруалардың бар екендігін жасырмады.
Ауыл тұрғындары түнгі жарыққа байланысты мәселе көтеріп келеді. Әкімнің айтуынша, Ақсай-2, Ақжар-2 ауылдарындағы 38 көшеге түнгі жарық шамдарын жүргізуге сұраныс берілген.
– Ақжар-2 ауылының 2 көшесіне түнгі жарық сымдары тартылғанымен, олар іске қосыла қойған жоқ. Биыл екі ауылдағы басты көшелерге жарық жүргізілмек. Ақсай, Ақжар-2 ауылында 19 көшенің 5-іне ғана түнгі жарық жүргізілмеген, қалғаны толықтай жарықтандырылды. Көшенің 90 пайызына жарық жүргізілді, — деді сұхбаттасушымыз.
Заңды білмеу жауапкершіліктен босатпайды
Ауыл әкімінің тұрғындарды жеке қабылдау күні сәрсенбіге белгіленген екен. Біз де осы күнге тұспа-тұс барыппыз. Ауыл тұрғыны 2007 жылы алған жер теліміне комиссияның келісімінсіз баспана тұрғызып қойғандығын, енді тұтынып отырған суы да, жағып отырған жарығы да заңсыз екендігін мойындап, шешілу жолын көрсетуді сұрап келді.
– Несие алып, қолдағы бар ақшаммен баспанамды тұрғызғанбыз. Қарыз көбейгесін үй жалдап жүру мүмкін болмады. Амалдың жоқтығынан осы үйге көшіп келдік. Енді үйдің құжаттарын рәсімдейін десем, 2007-інші жылғы берілген жерге рұқсат берілгесін ғана рәсімдей алатындығымды айтады, — дейді шағымданған келіншек.
Ә л і к ү н г е д е й і н тұрғындар заңдылықтарды б і л у г е н е м қ ұ р а й л ы қарайтындығы аңғарылады. Ол үшін жауапкершіліктен босатылмайтындығын ескермейтіндігі қынжылтады. Әкімдік ғимаратына ентіге кірген зейнет жасындағы Ақсай ауылының тұрғынының да айтары бар екен. Ол ауыл әкімінен біржолғы әлеуметтік көмек сұрай келіпті. Өзі – екінші топтағы мүгедек. Зейнетақысына ай сайын жалдамалы үйінің ақшасын төлеп, қайтыс болған ұлының қызын қолында бағып отырғандығын баяндады. Мамандар тұрғынға ақыл-кеңестерін айтып, заң шеңберінде мәселесінің шешімін табуға көмектесіп жатты. Біз де мұқтаж жанның өтінішінің орындалуын тілеп отырдық. Округ тұрғындары тұрғын үй, жер, әлеуметтік мәселелер бойынша жеке шағымдарын айтып келіп жатты. Ауыл әкімі олардың сұрақтарына жауап беріп, күрделі мәселелер болса, тиісті органдарға бағыттап отырды.
Талаптыға талас жоқ
Есепшінің қызметін қоса атқарып отырған жетекші маман Гүлмира Қашағанованың мемлекеттік қызметте еңбек етіп келе жатқанына биыл 8 жыл болыпты.
– Салық басқармасынан түскен берешектерді таратып, одан түскен салықты жүйеге тіркеп, берешектерін қайтарамын. Халықпен тікелей жұмыс жасаймын. Жаңа салынған үйлерді есепке алып, салық басқармасының базасына тіркетемін. Бас есепшінің жұмысы оңай емес. Оның есебі, кірісі бар. Кейде жоспарлаған салықтар түспей қалып жатады. Мұның бәрі реттеп отыруды қажет етеді. Заңгердің штатын алып тастағаннан кейін, оның жұмысы да маған жүктеліп отыр. Мемлекеттік сатып алу, келісім-шарт, порталға жариялау жұмыстарымен де айналысамын, — деген Гүлмира Берденқызы жұмысқа қаладан қатынасып жасайтынын баяндады.
Екінші баласын босанғаннан кейін 2 айдан соң жұмысқа шақыртып алғандығына қарап, қала іргесіндегі ауылдарға да қызмет етуге жастардың құлқы жоқ па, әлде оларды ынталандыратын тетіктер керек пе деген ой келді. Мемлекеттік қызметшілердің ә л — ау қ а т ы о ң а л ы п к е л е жатқанымен, әлі де әлеуметтік жағдайлары көңіл көншімейтіндігін байқалады. Ал, ауылдық округте жұмыс көп. Әкімдіктегі мамандар көшедегі халық санағына да кезектесіп шығып, ұжымдық қызметке белсенді қатысып жүр. Сырт көзге қызметкерлердің жұмыстары жайлы, тыныш көрінгенімен, шындығында олай болмай шықты. Қарбалас қызмет. Қызметкерлер бәріне де уақытында үлгеріп жатыр. Құқық қорғау саласында 13 жылдан бері қызмет етіп келетін Эдуард Мұханбетовті де әкімдіктен жолықтырдық. Ақсай ауылдық округіне қызметке ауысқанына бір жылдан асқан учаскелік полиция инспекторы әкімдік мамандарынан халық санағының мәліметін сұрай келген екен.
– У ч а с к е л і к п о л и ц и я инспекторы 1500-2000 халыққа қ ы з м е т к ө р с е т у і к е р е к . Тұрғындардың саны көбейсе, оның бәрін қамту да қиындай түседі. Сондықтан бұл мәселені басшыларыма дер кезінде ескертіп, серіктес инспектор керектігін айтуым қажет. Үкімет қызметтік үй мен көлік берді. Барынша жағдай жасалуда. Ендігі мақсат – халыққа қызмет ету, — деген Эдуард Қайратұлы әкімдікпен тығыз байланыс жасайтынын айтады.
Ақс ай ауылдық округі әкімдігіндегі тәжірибелі бас мамандар Райхан Бисенова мен Ардақ Хабибуллина мамандардың жетіспеуіне байланысты бірінің орнын бірі толықтырып, бірлесе қызмет атқаратындарын айтады. Райхан Мизамқызының бір өзіне бірнеше міндеті жүктелген екен. Ол жиырма жылға жуық уақыттан бері мемлекеттік қызметте тер төгіп келеді.
– 1988 жылы инсти — тут бітіргеннен кейін, құс фабрикасында мал дәрігері болып еңбек еттім. Зертхана меңгерушісі болдым. 1998 жылы фабрика жабылды. Содан кейінгі жылдары мемлекеттік қызметке бас маман лауазымына конкурс жарияланып жатыр дегенді естіп, облыстық әкімдік арқылы тесттен өтіп, қабылдандым. Әрбір 3 жыл сайын аттестациядан өтетін едік, — дейді Райхан Мизамқызы.
Ауылдық округтер біріктіріле ме?
Бүгінде Қайыршақты және Ақсай ауылдық округтерін біріктіру туралы мәселе көтеріліп жатыр екен. Ақсай ауылдық округінің халқының саны көбейіп, олардың әлеуметтік сұраныстары артуына байланысты бір ауылды екінші ауылға қосу қаншалықты тиімді екендігін топшылау қиын. Мұны жергілікті ақсақалдар да басшыларға айтып келеді. Келесі кейіпкеріміз Құсни Жолдасқалиеваны да мемлекеттік қызметке деген сүйіспеншілігі алға жетелеп келеді. Бүгінгі таңда әкімдіктегі кеңсе бөлімінде жетекші маман болып қызмет атқаратын Құсни Салауатқызы біз барған кезде онлайн жиынға қатысып жатыр екен. Ол оқуын аяқтағаннан кейін жұмыспен қамту орталығына тіркеліп, төтенше жағдайлар бөлімінде келісім-шарт негізінде жұмыс жасаған. Ол жердегі басшылары мемлекеттік қызметке бағыт сілтеген көрінеді.
Әкімдікте Жұлдыз Мұхамбет те қоғамдық негізде қызмет жасап жүр. Ау ы л ә к і м і Б о р а н б а й Сағындықұлы мен жетекші маман Гүлмира Берденқызымен бірге Ақжар-2, Ақсай-2 ауылдарында салынатын ойын алаңдарының аумағына қазық қағу жұмыстарына қатыстық. Бұл жұмыстар да жергілікті тұрғындармен ақылдаса отырып қолға алынып жатыр екен. «Азаматтарға арналған үкімет мемлекеттік корпорациясына» қарасты жер кадастры бөлімінің мамандарымен бірге біз де игілікті іске өзіміздің үлесімізді қостық. Елдің дамуы мен жетістігі үшін қалтқысыз қызмет ететін мемлекеттік қызметшілердің бір күндік жұмыстары тынымсыз тірлікке толы болды.
Алмас ҚАБДОЛОВ