Ауылдың да атауында бір сыр бар…
Atr.kz/2 шілде, 2019 жыл. Ауылдың іргетасын қалап, қада қағушылардың бірі – Балахмет Иманғазиев. Бұған дейін осы өңір де №11-ші ауылдың қарамағында болған.
1927 жылы Балахмет ағай сол кездегі Махамбет ауданына барып, арнаулы жер бөліп, шекарасын белгілейтін ұлты орыс екі агроном жігітті ертіп әкеледі. 1928 жылы осы өңірде алғашқы артель ұйымдастыру қолға алынып, тәркіленген мал-мүліктер өңір халқына беріледі. Дегенмен, бірден даму жолына түсіп кете алмай, 1929 жылы тарап, 1930 жылы қайта ұйымдастырылады. Алғашында «Бірлік күш», ал 1932 жылдан бастап «Бірлестік», деп аталған. Алғашқы колхоз төрағалары Ықсан Алашбаев, кейін Нығымет Иманалин, Рақым Шерубаев, ал, ауылдық кеңес хатшылары Қалам Ниязғалиев, Жапар Таласбаев болған.
1936 жылдан бастап ауыл «Құрылыс» деп аталды. Мұрағат деректері мен көнекөз қариялардың айтуына қарағанда, сол кездегі колхоздың шаруашылығы шағын, 15 мың қой, сиыр, түйе, жылқы болған. Жердің топырағы күлгін, сұрғылт, құнарлылығы орташа болғандығына қарамастан қолмен суару арқылы егістік жұмысы жүргізіліп, тары егумен айналысқан. Бұл жердің өзіндік тарихи атаулары бар. Енді соған шолу жасай кетуді жөн көрдім. Добия
– Жайық бойындағы шаруашылыққа ыңғайлы құтты мекен. Оның атауы қыздардың мойнына, білегіне тағатын моншағы деген мағынаны білдіреді. Тоғай желісінен екі, Жайық арнасынан үш шақырым, Талас көлі, Добия қарасуы, Қашқын төбесі, «Бекіре сойған жыра», Төлеп төбесі, Қашаған, Жарық, Дошман төбесі, Байғұлдармен орайлас орналасқан алқап. Добиядағы тұңғыш мешітті діни қайраткер Тегісбай Әлімбаев ашқан.
Тіней – сөзінің тарихына келсек, Ұлы Махамбеттің: «Тінейде» түнде жортқан жолбарыстай, Алдырдым қабыланымды қапиядаай»,-дейтін аһ ұрған өлеңі бар. Осындағы «Тіней» сөзін кейінгі зерттеушілер «түлей» деп қате түсіндіріп жүр. Тіней – Махамбеттен де бұрынғы заманда асқан бай болып, қазіргі Жарсуат ауылының аумағында жатқан Ақтан атты қыстақтың Жайық бетін түгел жайлап, атағы шыққан адам. Тіней тоғайы әлі күнге дейін бар, бір кездері ит тұмсығы өтпейтін, жалғыз жүрген адам ішіне енуге жүрексінетін қалың жыныс еді.
Аңның неше түрі бар деуші еді қариялар. Осы Тіней тоғайы Жайық бойын жағалай көмкеріп, Қызылжар атты ауылға алып келеді. Бұл Қызылжарда Жиембет жыраудың, би Малайсарының, Исатай-Махамбеттің, Мұрат Мөңкеұлының да іздері сайрап жатыр. Іздері жатпаса, Махамбет Тінейді жырға қосар ма еді?! Осы маңдағы Әзі-Ата сайының шығу тарихы туралы ауылымыздың ардагері Қуаныш Хамидуллин мынадай аңыз айтқан-ды: — Бір атты жолаушы алдынан кездескен төбеге шаршап келіп тоқтайды. Ер-тұрманын алып демалайын деп жатса, жақын маңнан иттің үргені естіледі. Төбеден жан-жағына көз салып қараса, алдыңғы жағынан өте терең сай көрінеді.
Онда сегіз қанат киіз үй тігілген. Ер-тұрманын алып, сайға түссе, киіз үй жас жұбайларға арналған екен. Жолаушы үй иесіне өзінің соңғы өсиетін айтып, «Мен бұл дүниенің адамы емеспін, мені ат қазықтың қасына жерлеңдер, ер-тұрманын есіктің босағасына байлап, бір жылға дейін сақтаңдар, иесі келіп жатса беріңіз немесе өздерің пайдаланыңдар. Күн шыққан соң осы жерге түйелі адам келеді. Менің қабірімді қаза беріңдер» дейді.
Ертеңіне сол адам о дүниелік болып кетеді де, айтқанындай күншығыстан нарға мінген бір жолаушы келеді. Намаз оқып, оны арулап жерлейді. Таңертең қараса, масахана құрылып, соның астын бір адам қазып жатыр екен дейді. Адамдар ағаш алып, сол жерді қоршайтын болғанда орны таптақыр болып, масахана аспанға көтеріледі де бұлтқа кіріп кетеді. Кейін ол жерді қоршап, «ӘзіАта» сарайы деп атап кеткен. Бұл аңыз-дерек біздің уақытымызға дейін жеткен.
1929-30 жылдары колхоздың қойы «топалаң» тиіп, қырыла бастайды. Кейін оларды Әзі-Ата сайына апарып түнеткенде түгел жазылып кеткен. Сол секілді Талас көлінің шығу тарихы бар. Талас деген адам Жарсуат ауылының азаматы, ауданға танымал ақын Мұрат Таласовтың арғы ата-бабалары. Ол кезінде егіншілікпен, диқаншылықпен айналысқан. Ауылдың қайратты жігіттерінің күшімен арасы 800 метр жерден 5-6 метр тереңдікте құдық қаздырып, көлге су жіберген.
Нәтижесінде халықтың баубақша егіп, егіншілікпен айналысуына осы көлдің үлкен пайдасы тиеді. Кейін көл атауы Талас деп аталған. Қолаңшаш. Бұл – ер адамның аты. 1919-1920 жылдары болған адам. Кеңес үкіметі кезінде ақтар әскерінің атаманы А.Киселёв Топайлы ауылында болған. Кейін олардың әскері мал, ақша, зат жинау үшін Құрылыс ауылына келген. Олар ауылдың күншығыс бетіндегі Қарауылтөбеден қарағанда, Қурайлы сай жақтан түйеге мінген жолаушы көрінеді. Бұл Қолаңшаш болатын. Ол тез арада шешім қабылдап тоғайға кіруге әрекет жасаған.
Сол уақытта ақтың офицері ол адамды өлтірген. Кейін оны жерлемеуге тапсырма береді. Бірақ, ауыл адамдары түнде жасырынып келіп, денесін көл жағасына жерлейді. Кейін ол жер «Қолаңшаш» көлі деп аталады. Қашаған. Бұл да – кісі аты. Халыққа кезінде көп жақсылық жасаған. Әзі-ата сайынан және «Талас» көлінен арық қаздырып, су шығарып, ауыл тұрғындарының егіншілікпен айналысуына жол ашқан. Құрайлы сайының тарихы туралы ауыл ардагері Есжан Ақсеріковтің естелігінен:
— Аталған сайдың жалпы ұзындығы 80 шақырым, өткізгіштік қуаты секундына 1,5 метр. Тұрақты суарылатын жердің аумағы 0,9 га, суармалы жайылыстың аумағы 40,7 мың га. Жылмажыл Жайық өзенінен каналға 11 млн. текше метр шамасында су алынады. Канал «Жарсуат» өндірістік кооперативінің суармалы жерлері мен жайылыстарын қамтиды. Тасоба қорғаны бұрынғы алтыншы ауыл қасынан 4000 метр қашықтықта орналасқан. Орналасқан жері биіктеу, көтеріңкі. Үйіндісі тас және топырақ. Биіктігі 1,5 метр. Аумағы 14 метр. Обаға тән белгілердің барлығы бар. Осы жерден ежелгі замандағы нан пісіретін пеш, көне тиындар, қыш құмыралар табылған.
Міне, ауданымызға 90 жыл толып жатса, Құрылыс ауылының да үлесі зор. Бүгінде ауылымыз көркейіп, жаңа мектеп ашылып, халықтың жағдайы түзеліп келеді. Мұның бәрі тәуелсіздіктің жемісі екені сөзсіз.
Сағынтай КЕРЕШОВ,
М.Мөңкеұлы атындағы орта мектебінің мұғалімі.
Индер ауданы