Жарнама
Жаңалықтар

АУЫЛДЫ ҚОЛДАУ ЖАЛҒАСА БЕРЕДІ

АУДАНҒА ЖАҢА ӘКІМ ТАҒАЙЫНДАЛДЫ

Бұдан кейін облыс әкімі аудан орталығы Аққыстау селосына аялдап, әкімдік үйінде аудан активін өткізді. Жиналысқа қатысушылардың алдында осыған дейін Исатай ауданының әкімі қызметін атқарып келген, жақында ғана Атырау қаласының әкімі болып тағайындалған Нұрлыбек Ожаевқа алғысын айтты. Содан кейін ауданның жаңадан тағайындалған әкімі Тұрарбек Сұлтанбековті таныстырды. Жергілікті атқарушы билік құрылымдарында, соның ішінде әкімдік қызметте де біраз тәжірибесі бар бұл азаматқа жаңадан кіріскелі отырған жұмысында да сәтті қадам тіледі. Аудан басшылығының алдында тұрған міндеттерді саралап, олардың мерзімді жүзеге асырылуын қадағалап отыруды тапсырды. Жоғарыда айтылып кеткендей, село инфрақұрылымын жетілдірумен бірге дипломмен ауылға келген жастарға, басқа да осында жұмысқа орналасқан түрлі мамандық иелеріне, әлеуметтік сала қызметкерлеріне, кәсіпкерлікті қолға алғандарға ұдайы қамқорлық пен қолдау көрсетілу қажеттігін қаперледі. Білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет мекемелерінің материалдық-техникалық базасын жақсарта отырып, олардың жұмысын жоғары сапалық деңгейге көтеру керектігіне назар аударды.
Исатайлықтардың атынан сөз алған аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Төлеміс Ғизатов бұрынғы басшылықтың кезінде атқарылған жұмыстарды оң бағалап, жаңа келіп жатқан әкімнің де өңірдегі өркенді өзгерістерге ұйытқы болатындығына тілеулестігін білдірді. Ағымдағы жылы ауданда алғаш рет 60 пәтерлік көп қабатты үй құрылысының жоспарлануы, көшелердің түнгі жарықтандырылуына көңіл бөлінуі, келер жылы аудан орталығынан заманауи үлгідегі 400 орындық мәдениет үйін тұрғызу жоспарланғандығы, өзге де игі істердің межеленуі – соның айқын көрінісі.
Өз кезегінде Нұрлыбек Жұмахметұлы мен Тұрарбек Ғайнеденұлы да көрсетілген үлкен сенім мен жылы лебіздерге риза көңілдерін жасырмады.

«НҰР ОТАН»ФИЛИАЛЫНДАҒЫ ҚОҒАМДЫҚ ҚАБЫЛДАУ

Бұдан кейін облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы ғимаратында қоғамдық қабылдау өткізді. Қабылдауға келген тұрғындар өздерін толғандырып жүрген түрлі сауалдарын алға тартты. Олар негізінен Аққыстауда селоішілік жолдарды ретке келтіру, темір жолдың арғы бетіндегі Өркен елді мекенінен медпункт ашу, Х.Ерғалиев ауылынан аз қамтылған бір отбасына табиғи газ желісін жүргізуге жәрдемдесу, тұрақты жұмысқа орналастыру жағдайын қарастыру, апатты жағдайдағы «Ақбота» балабақшасын қайтадан салу төңірегінде өрбіді. Қойылған сұрақтардың бәріне де тиісінше жауаптар беріліп, болашақта оң шешімін табатындығы белгілі болды.

ЖАНБАЙДАҒЫ ЖАРҚЫН ЖҮЗДЕСУ

Келесі кезекте аймақ басшысы Бақтықожа Салахатдинұлы өзінің орынбасарлары, облыстық департамент, басқарма, кәсіпорын, мекеме басшыларымен бірге Жанбай селосына келіп, тұрғындармен кездесті. Мұнда алдымен ауданның жаңа басшысын таныстырды. Жүзеге асырылған жұмыстар мен келешектегі меже-міндеттерді қысқаша ғана баяндап, бағасын берген аймақ басшысы жанбайлықтарды ұсыныс-пікірлерін ортаға салып, шешімін күткен, өздерін мазалап жүрген жайлармен, қала берді, ауылдың ортақ проблемаларымен ой бөлісуге шақырды.
Сол себептен де болса керек, үлкенді-кішілі ауыл тұрғындары көкейлеріндегі көп сұрақтарын жасырып қалмады. Олардың арасынан ауылдағы кәсіпкерлікті қолдау, экологиялық заңдылықтар мен талаптарды сақтау, мал шаруашылығымен, басқа да кәсіппен шұғылдануға жағдай жасау, балалар музыка мектебіне лайықты орын сайлау, қыр төсін жайлаған малшылардың, ауыл тұрғындарының ауыз сумен қамтылу мәселесін шешу, селоішілік жолдарды жақсарту, балық аулау мен оны өңдеуді ұйымдастыру сияқты сауалдар ешкімді де бейжай қалдырмады.
Осылардың бәрін мұқият тыңдап, зерделеген облыс әкімі олардың әрқайсысына толыққанды жауап қайтаруға тырысты. Бірде-бір сауалдың жауапсыз, көтерілген мәселенің ескерусіз қалмауын тиісті сала басшыларына міндеттеп, нақты тапсырмалар берді.

Дәулетқали АРУЕВ.
Суреттерді түсірген
Ерлан АЛТЫБАЕВ.
Исатай ауданы.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button