Ауылдағы шаруаға қолдау керек

img 20210901 wa0180 Жаңалықтар


Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған кезекті Жолдауында басқаларымен қатар еліміздің ауыл шаруашылығы саласын дамытудың басым бағыттарын атап көрсетті.


Мұның өзі, соңғы кездері табиғи-климаттық жағдайлармен, атап айтқанда, құрғақшылықпен және қуаңшылықпен байланысты республикамыздың жекелеген аймақтарында қалыптасқан ауыр ахуалды сауықтырып, жеңілдетуге жол ашты.

Нақтылай кетсек, Президеттің өзі тоқталып өткендей, мұндай жағдайдың қайталанбасы және тұтастай алғанда агроөнеркәсіпті кешенді өркендету мақсатында, соның ішінде атакәсіп – мал шаруашылығын табысты әрі тиімді дамыту үшін жайылымдық және шабындық жер мәселесін оңтайлы шешуге назар аударылуы тиіс.


Одан бөлек, Жолдауда аграрлық саланы одан әрі ілгерілету үшін ауыл шаруашылығымен, атап айтқанда, мал бағумен, егін салумен, өнім өңдеумен шұғылданатын шағын және орта кәсіпкерлік субъектілеріне мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдау шараларының ауқымын кеңейтуге бағытталған жүйелі жұмыстар жүргізілуі қажеттігіне​ көңіл бөлінді. Әсіресе, оларға жеңілдетілген пайызбен несиелер, сондай-ақ, шығындарын өтеуге инвестициялық субсидиялардың берілуін қамтамасыз ету мақсатындағы тетіктерді жетілдіре түсу қажеттілігі алға тартылды.

Бұл жөнінде Мемлекет басшысы Үкіметке нақтыланған шаралар кешенін жасақтап, оның орындалысын бақылауды салалық министрлікке жүктеуді тапсырды.
Тоқтала кетер жайт, Президент аграрлық сектордың осы және өзге де салаларын дамытудың серпінді қадамдарын атап көрсете отырып, өкінішке қарай кейінгі кездері ауыл шаруашылығында дәстүр сабақтастығының жойылып бара жатқандығын, соның салдарынан көптеген қиындықтар мен кедергілерге душар болып отырғанымызды да атаусыз қалдырмады.

Оның бір айқын дәлелі ретінде министрлер алмасқан кезде қабылданған мемлекеттік бағдарламалардың да көбінесе, өзгерістерге ұшырап, орындалмастан, басталған істің аяғына дейін жеткізілместен қалатындығын алға тартты. Сол сияқты, ветеринария саласындағы бір-бірінің қызметтік функцияларын қайталайтын құрылымдарды ықшамдап, жұмысын жүйеге келтіретін кез жеткенін қаперледі.


Ауылдағы шаруаның ілгері басуына теріс әсерін тигізіп отырған фактордың бірі – науқандық жұмыстар кезінде пайдаланылатын техникалардың ескілігі, қолданыстағыларының 90%-ының дерлік тозығы жеткендігі жасырын емес.

Ал, лизингке берілетін техникалардың бағасы қымбат, жылдық пайыздық мөлшерлемесі жоғары, қарызды қайтару мерзімі мейлінше ұзақ. Міне, осы және өзге де жайлар шаруагерлердің жоспарланған жұмыстарын ойдағыдай атқарып, сөйтіп қолына алған ісін ілгерілетуіне қолбайлау болуда. Мемлекет басшысы болса, осындай проблемаларды оңтайлы шешудің жаңаша механизмдерін қарастырып, іске қосатын уақыт жеткенін меңзеді.


Қалай дегенде де, ауылдағы шаруаның көмек-қолдаусыз алға баспайтынын өмірдің өзі көрсетіп отыр. Өз кезегінде, Президенттің сөздері осыған қозғау салғандай сезіндік.


Мұрат САРМАНОВ,
Қазақстан фермерлер қауымдастығы Атырау облыстық бірлестігінің төрағасы

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз