Жарнама
Жаңалықтар

АУЫЛДАҒЫ ҮКІМЕТТІК ЕМЕС ҰЙЫМДАР ТЫҢ ЖОБАЛАРҒА ЖОЛ АШАДЫ

 

Ауылдық жерлерде азаматтық қоғамды дамыту мақсатындағы атқарушы органдармен ҮЕҰ-дың қарым-қатынасы мен бірлесіп атқарған жұмыстары туралы Құрманғазы, Қызылқоға, Исатай аудандары әкімдерінің есептері тыңдалды.

Құрманғазы ауданының әкімі А.Барақатовтың баяндауынша, аудандағы бес үкіметтік емес ұйымның қатысымен түрлі тақырыптарда іс-шаралар жоспарланып, өткізіліп келеді. Жыл бойына ұйымдастырылатын бір мыңға тарта көпшілік шаралардың жартысына жуығы ҮЕҰ қатысымен және аудандық мекемелер мен кәсіпкерлік құрылымдарының демеушілігімен өткізгендіктен аталмыш ұйымдардың жұмыстарына бюджеттен қаражат бөлінбейтін болып шықты.

Қызылқоға ауданы әкімінің міндетін атқарушы Б.Әжіғалиев өз хабарламасын кеңес мүшелеріне арнайы дайындаған слайд арқылы жеткізді. Аудан бойынша биылғы жылы ҮЕҰ түрлі тақырыптық лоттарға қатысуы арқылы әлеуметтік тапсырыс негізінде бюджеттен бөлінген 1,8 млн. теңге игерілмекші екен. Исатай ауданы әкімінің орынбасары М.Өтеғалиевтың айтуынша, өткен жылы аудандағы бес ұйымның қатысымен жалпы құны 1,6 млн. теңге болатын сегіз жоба іске асқан. Ал, биыл белгіленген бес жобаның негізгі тақырыптары ұлттық салт-дәстүрлерді, отбасылық құндылықтарды, салауатты өмір салтын насихаттауға, жастарды отансүйгіштікке, патриоттық рухта тәрбиелеуге арналған. Бұл ауданда келер жылы мемлекеттік әлеуметтік тапсырыстарды аудандық әкімдіктің дербес бөлімдерін қатыстыру арқылы бюджеттен 1,6 млн. теңге қаржы бөлу ойластырылған.

Осы мәселе бойынша пікір білдірген комиссия төрағасы Шыңғыс Жұмабекұлы алдағы жылы әр аудан үкіметтік емес ұйымдардың мүмкіндіктері мен жұмыс тәжірибелерін ескере отырып, бюджеттен 1,5 млн. теңгеден қаржы қарастырған дұрыс деген ұсынысын айтты.

Талқыланған мәселе бойынша пікір білдірген облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы М.Қалауи аудандардағы жастар ресурстық орталықтарының белсенді қызметтерін, Қызылқоға ауданында жастар ұйымы көрші Батыс Қазақстан облысымен берік байланыс орнатқандығын атап өтті. Ол жергілікті жерлерде кадр тапшылығы сезілетіндігін және қаражаттың аз бөлінетіндігін де айтты.

Кеңес отырысында «Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыстың салалық принципін кеңейту мақсатында атқарылған жұмыстар туралы» облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқарма басшысының міндетін атқарушы Ғ.Хабиров пен облыстық дін істері басқармасының басшысы Е.Шохаев есеп берді.

 Кеңес мүшесі Ә.Бекқожиеваның пікірінше, Атырау көшелерінде ілінген ақпараттық, жарнамалық мазмұндағы билбордтар мәтіндердің біразының мемлекеттік тілдегі аудармасы көңілге қонбайды, дұрыс аударылмаған,  әрі оны қарапайым адамның түсінуі де қиын.

Дін істері басқарамасының жетекшісі «Шапағат» деструктивті діни ағымдардан жапа шеккендерге көмек орталығы» қоғамдық қорының белсенді қызметінің нәтижесінде жат діндердің ағымында жүрген 55 адамның дәстүрлі дінімізге бет бұрғандығын, облыста 15 теолог маманның жұмыс жасап жатқандығын, «Өмірзая» атты бес сериялы телефильмнің түсіріліп, жұртшылықтан оң бағасын алғандығын жеткізді.

«Мүгедек әлемі» қоғамдық бірлестігінің төрайымы К.Нұржігітова мүгедек жандармен жұмыс жасайтын ҮЕҰ мен жауапты мемлекеттік органдардың қызметі туралы баяндады.

Кеңес отырысын қорытқан облыс әкімінің орынбасары Ш.Мұқан қала мен аудандарда үкіметтік емес ұйымдармен қарым-қатынасты түрлі тәсілдермен жетілдіру, іс-шаралар мазмұнын кеңейту, бюджеттен бөлінетін қаражатты тиімді пайдалану қажеттігін  қаперледі.

Бақытжан  ХАМИТҰЛЫ.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button