Ауыл тұрғындары өз таңдауын жасауда (+ФОТО)
Atr.kz/9 маусым, 2019 жыл. Атырау қаласы, Тасқала ауылындағы Тауман Амандосов атындағы орта мектепте орналасқан №72 сайлау учаскесінде мерекелік көңіл-күй байқалады.
Жұртшылық келетін залға мемлекетік нышандар ілініп, сайлау парақшасын толтыратын бес кабина орнатылыпты. Мүмкіндігі шектеулі жандарға да бөлек жағдай жасалған.
Сайлау комиссиясының төрайымы Лиза Жұмағалиеваның айтуынша, жалпы 2372 сайлаушы тіркелген бұл учаскеде таңғы 7.30-да 40-тан астам сайлаушы өз таңдауларын жасап үлгеріп, сағат 13.00-ге дейін 851 ауыл тұрғыны өз қалауын жасаған. Төрайым, әсіресе, қарттар жағы белсенділік танытып отырғанын алға тарта сөйледі. Сонымен қатар, учаскеде 41 сайлаушыға үйлеріне барып, дауыс беруге мүмкіндік туғызылғанын атап өтті.
«Біз егеменді еліміздің ертеңгі жарқын болашағы үшін өз таңдауымызды жасадық. Сайлауға бүкіл бала-шағамызбен келіп дауыс бердік. Бүгінгі күн сондай жадыраңқы болып тұр екен. Осы тәрізді еліміздің де келешегі жарқын, аспанымыз ашық, еліміз тыныш болсын»,- деді бала-келін, немерелерін еріткен 88 жастағы Сейсен Ерғалиев.
Осы тәріздес, Дәрібаевтар, Жаналиевтер отбасылары да тайлы-таяғы қалмай бір-кісідей дауыс берді.
«Ауылымыздың жағдайы жақсы. Қаланың іргесінде тұрсақ та көпшілігіміз үйлерімізде мал ұстаймыз. Тамағымыз тоқ, көйлегіміз көк. Осыдан артық не керек. Еліміз тыныш болсын. Сол тыныштық баянды болсын деп өз дауысымызды беріп келеміз» деді 61 жастағы зейнеткер Гүлнар Мұқашева.
Мұратбек ЖАҢАБАЙ