![«Ауыл» партиясы батагөйлер байқауын жариялады 1 bata e1739271002258](https://atr.kz/wp-content/uploads/2025/02/bata-e1739271002258-780x470.jpg)
«Ауыл» партиясы батагөйлер байқауын жариялады
Қазақ халқы үшін бата – ізгі тілек пен рухани құндылықтарды дәріптейтін қасиетті дәстүр. Ежелден халқымыз батаны жақсылықтың, елдік пен тектіліктің белгісі деп білген. Осы ұлттық дәстүрді жаңғырту және насихаттау мақсатында «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясы «Батамен ел көгерер» атты республикалық батагөйлер байқауын жариялады.
Аталған партияның баспасөз қызметінің хабарлауынша, байқау екі кезеңнен тұрады: Өңірлік кезең – 29 қаңтар мен 24 ақпан аралығында өтсе, республикалық кезең – 5 наурызға дейін ұйымдастырылады. Республикалық кезеңге өңірлік жүлдегерлер жолдама алады.
Өңірлік кезеңде І орын иелері – 100 мың, ІІ орын – 50 мың, ІІІ орын – 30 мың теңгемен марапатталады. Сонымен қатар демеушілерден арнайы сыйлықтар ұсынылады. Ал республикалық финал жүлдегерлері 200, 150, 100 мың теңгемен және демеушіледің арнайы сыйлықтарымен марапатталды.
–Байқауға қатысу үшін auyl.kz сайтында байқау шарттарымен танысып, тақырыпқа сай авторлық батасын бейнетаспаға түсіруі қажет. Дайын материалды https://t.me/bata2025bot арнайы Telegram-ботқа жолдау қажет, — делінген баспасөз хабарламасында.
Айта кету керек, аймақ бойынша байқауға қатысуға ниеттілер толық ақпаратты облыстық филиалдың Instagram парақшасынан (@atyrau.auyl) немесе 8 702 564 2038 телефон нөмірінен біле алады.
Осылайша «Ауыл» партиясы қазақтың рухани құндылықтарын дәріптейтін дәстүрлі баталарды жаңғыртуға шақырады.
Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА