АУЫЛ КӘСІПКЕРЛЕРІНЕ – КЕҢІНЕН ҚОЛДАУ
Ұлттық кәсіпкерлер палатасының басқарма төрағасы Абылай Мырзахметовтің айтуынша, олар ауылдық жердегі бизнесмендердің проблемасын жетік біледі. Іскер адамдарды қолдау үшін құрылатын арнайы қор соның айғағы секілді. Палата қазір осындай ұсыныспен шыққан. Өйткені, ауылдағы ісін бастамақ болған ағайын кепілдікке қояр дүние таппай қиналады. Аталған қор өңірлерде несие беретін комитеттер құрады. Мұнда кепілдікке дүние-мүлік сұралмайды, тек кәсіпкерлер палатасының басшысы мен ауыл әкімшілігі аталған бизнес-жоспарды зерттей келе, сараптама жасап, кепіл бола алады. Осылайша, түрлі бағдарламалар есебінен қолдау таппай, көмек қаржысына қол жеткізе алмай жүрген ауылдық бизнесмендерге қолғабыс жасалмақ. Мұнымен қоса Ұлттық палата келесі жылдан бастап, Президент тапсырмасына сәйкес аудан орталықтарында кәсіпкерлер үйін құруды да жоспарлауда.
— Кәсіпкерлер үйін Ұлттық палатаға беру керек, онда басқа ешкім болмау керек. «Даму» да, «ҚазАгро» да ауданнан кетуі қажет. Мұнда отырғандар сол аудан көлемінде ауылда істеймін деген жандардың барлығына, әсіресе жастарға тегін қызмет жасауы, көмек көрсетуі керек деп ойлаймын. Яғни, істі бастаудың алғашқы әліппесінен бастап, несие алу, кепілдік, оқу мәселесі, қандай маркетинг, қандай агроном, қандай техника керек, осының барлығын үйрететін инфрақұрылым құруымыз керек, осылай келісіп отырмыз, — деді Абылай Мырзахметов.
Ұлттық кәсіпкерлер палатасының басқарма төрағасы аймақтардағы кәсіпкерлік мәселелері 15 шілде күні Үкіметтің арнайы жиынында талқыланатындығына ерекше тоқталды. Өйткені, еліміздің барлық өңірінде мемлекеттің кәсіпкерлікті қолдауға арналған бағдарламалары жақсы насихатталғанымен, ауылдық жерлерде қаражат жетпей жатыр.
«Біз кешегі өткен съезд қарсаңында төралқа басшысы Тимур Құлыбаев мырзамен бірге барлық өңірлерді аралап келдік. Әсіресе, ауылдық жерлерде айтылып жатқан мәселе — қаржы жетіспеушілігі. Қазіргі мемлекет жасап отырған бағдарламаларды барлығы түсінеді. Елбасы саясатын да қызу қолдайды. Тек қаржының жетіспеушілігі ғана қолбайлау болып отырған жайы бар. Біз Үкімет басшысына барлық өңірлерден келіп түскен сараптамаларымызды ұсынбақшымыз. Үкімет басшысы 7-15 шілде аралығында барлық облыстарды аралайды, сол сапардан келісімен, 15 шілдеде Үкіметтің арнайы жиынында осы мәселелерді талқыламақшымыз», — деді брифинг қонағы.
«Екінші үлкен мәселе, Елбасының Жарлығымен тексеру мәселесі тоқтатылды. Сол мораторий кезеңінде биылғы 1 қыркүйектен бастап біз Үкіметпен бірлесе отырып Парламентке бірқатар заң жобаларын енгізуіміз керек. Енді жоспарлы түрде тексерулер мүлдем болмайды. Бұдан былай тек белгілі бір жерде төтенше жағдай, мәселен, өрт шығып, апат болса ғана немесе адамдардың тамақтан улануы болып жатса, компьютерлік түрде бағалау жүргізіліп, тиісті органдар сол мекемені ғана тексереді» деді А.Мырзахметов.
Азамат САНСЫЗБАЙҰЛЫ.