Ауыл да қаладан кем емес…
Atr.kz/23 қазан, 2019 жыл. Бүгін облыстық «Атырау» газетінің күндері ИСАТАЙ АУДАНЫНДА өтеді. Тоқсан жылдан астам тарихы бар өңірде өнеркәсіппен қатар аграрлық сектор да қарқынды дамып, мал шаруашылығымен бірге, егіншілікті өрістетуге де бетбұрыс жасалуда. Өңірдің әлеуметтікэкономикалық дамуы туралы аудан әкімі Марат МУРЗИЕВ әңгімелейді.
– Марат Бисенғалиұлы, алдымен ауданның биылғы тоғыз айдағы әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштеріне тоқталсаңыз…
– Е с е п т і м е р з і м д е өнеркәсіп өнімінің көлемі 130,8 млрд. теңгені, нақты көлем индексі 96,2 пайызды құрады. Аудандағы мұнай-газ кәсіпорындарында 1 178,2 мың тонна мұнай және 32,8 млн. текше метр ілеспе газ өндірілді. Ауыл шаруашылығында жалпы өнім көлемі 3,4 млрд. теңгеге жетіп, нақты көлем индексі 4,1 пайызға артты. Осы кезеңде 4,7 тоннадан астам ет және 3,7 тоннаның үстінде сүт өндірілді.
Оған қоса, төрт түлікте де өсім байқалып отыр. Жердің сортаңдығына, табиғи су көздерінің тапшылығына қарамастан, егін шаруашылығын дамытуға да бағыт ұсталуда. Биыл 72 гектар алқапқа егін егіліп, одан 400 тоннаға жуық өнім алынды.
– Соңғы жылдары құрылыс жұмыстары қарқын алып, жаңа ғимараттар мен нысандар бой көтере бастады…
– Биылғы тоғыз айда ауданда негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 31,1 млрд. теңгені құрап, нақты көлем индексі 2,4 есеге көбейді. Соның ішінде, құрылыс жұмыстарының көлемі 4,1 млрд. теңге болып, 113,2 пайызға ұлғайды. Пайдалануға берілген тұрғын үйдің көлемі 13,8 мың шаршы метрге жетті. Әлеуметтік нысандар құрылысына айрықша назар аударылып, НКОК компаниясының демеушілігімен Қызыл үй ауылында 80 орындық орталау мектеп пен Зинеден ауылында 100 орындық балабақша салынды.
Ал, Нарын мен Томан елді мекендерінде фельдшерлік-акушерлік пункт құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді. Сондайақ, аудан орталығы – Аққыстау ауылында домбыра аспабы, құм, бекіре мен мұнай тамшысы мүсіндері бейнеленген «Qazag eli» саябағы ашылып, тұрғындардың демалатын орнына айналды.
− Инженерлік коммуникациялар мен инфрақұрылымдармен қамту жөнінде не дейсіз?
– Нарын ауылдық округіндегі Жаңа Жанбай ауылына 4,2 шақырым кірме жол тартылып, ауылішілік жолдар қайта жаңғыртылды. Аталған ауылға «Атырау–Астрахан» тас жолынан тартылатын 12,1 шақырым кірме жолдың құрылысы келесі жылы аяқталады деп күтілуде. Жанбай ауылындағы мәдениет үйіне жол мен автотұрақ салынды. Аққыстауда үш қабатты 60 пәтерлік үш үйдің құрылысы қолға алынып, оны да алдағы жылы аяқтау жоспарланды.
Сондай-ақ, бірнеше елді мекенде электр, «көгілдір отын» желісін, ауыз су құбырын тарту, көше жарығын жүргізу жұмыстары қарастырылған. Олардың қатарында Х.Ерғалиев, Зинеден, Исатай, Тұщықұдық, Томан, Амангелді, Жанбай ауылдары қамтылған. Аудан орталығынан шалғайдағы Амангелді ауылына табиғи газ құбырын тарту жұмыстары басталды.
Ал, Аққыстаудағы кәріз жүйесінің құрылысын 2020 жылы бітіру межеленсе, өрт сөндіру депосының құрылысы да кестеге сәйкес жүргізілуде. Төрт елді мекенде жазғы су құбырын тарту үшін жобалаусметалық құжаттамасы дайындалып, сараптамадан өткізілуде. Соған қарағанда, бүгінгі ауыл да қаладан кем түспей тұр.
– Кәсіпкерлікті дамыту, жұмыспен қамту және халықты әлеуметтік қорғау бағытында қандай істер атқарылуда?
–Ауданда шағын бизнес субъектілерінің саны 2 100-ге жуықтайды. Бұл – былтырғы деңгейден төрт пайызға көп. Жыл басынан бері 13 кәсіпкерлік нысаны іске қосылып, 26 адам тұрақты жұмыспен қамтылды. Олардың қатарында аралас дүкендер, дәмхана мен дәріхана, тігін шеберханасы, тұрмыстық қызмет көрсету орындары бар. Кәсіпкерлерге жалпы сомасы 183,6 млн. теңге несие берілді. «Ауылдық жердегі шағын және орта бизнесті дамыту» бағдарламасы аясында 50,4 млн. теңгеге бағаланған тоғыз жоба қаржыландырылды.
«Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасына» бөлінген қаражат есебінен 86,8 млн. теңгенің 22 жобасы жүзеге асырылды. «Бизнестің ж о л к а р т а с ы – 2 0 2 0 » бағдарламасымен екі кәсіпкер 4,6 млн. теңге көлеміндегі грант иегері атанды. Ауданда 600-дей адам жұмыссыз ретінде тіркелсе, бір мыңнан астам адам тұрақты жұмысқа орналастырылып, 513-і ақылы қоғамдық жұмысқа тартылды. Ал, 261 отбасындағы 1 594 адамға атаулы әлеуметтік көмек берілді.