Жарнама
Жаңалықтар

АУЫЛ БИЗНЕСІНЕ – АРШЫНДЫ ҚАДАМ

 

Жалпы, Индер ауданының әкімі Серік Арыстанның айтуынша, село тұрғындарының өз ісін ашуға деген ынтасы жоғары. Мәселен, өткен жылы ғана 70 индерлік бизнес құрылымын құру үшін барлығы 212 млн. теңге несие алыпты. Егер ауданда 17 мың экономикалық белсенді тұрғын болса, соның 10,2 пайызы шағын және орта бизнес нысандарында екен. Турасын айтқанда, бұл – өте жақсы көр-сеткіш. Соның нәтижесінде бизнес құрылымдарынан жергі-лікті бюджетке өткен жылы 172 млн. теңге түскен. Ал, ауданда кәсіпкерлерді қолдау орталығы ашылуы өзгелердің де белсенділігін арттыруға септігін тигізбек.

Мұнда шағын және орта бизнес құрылымдарын қаржылық және қаржылық емес тұрғыдан қолдау, кәсіпкерлердің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау, кәсіпкерлікті ұйымдастыру мен дамытуға бағыт беру тәрізді қызметтер тегін көрсетіледі. Мәселен, кәсіпкерлер бизнес-жоспарларын жасақтау мен жүзеге асыру, салық, заңдылық және бухгалтерлік есеп мәселелері, т.б. бойынша кеңестер ала алады. Міне, осындай игіліктерді кәсіпкерлер палатасы аймақтық кеңесінің төрағасы Абай Жұмағұлов айтып берді.

Индерборда ашылған кәсіпкерлерді қолдау орталығына сол сәтте-ақ алғашқы келушілер аяқ басты. Солардың бірі – жас бизнес иесі Ренат Мырзағалиев. Ол өткен жылы өз ісін ашып, бағымына 80 қой алған екен. Ендігі межесі – жылқы өсіру. Ал, оған лайықты жайылым қажет. Демек, ауыл кәсіпкері жер телімін сұрайды.

– Жалпы, — дейді ол, — ауылда осындай орталықтың ашылғаны жақсы болды. «Бір терезе» қағидасы бойынша мұнда барлық шаруаны реттеуге мүмкіндік бар. Бұрын бір құжатты рәсімдеу үшін бірнеше мекеменің табалдырығын тоздыратынбыз, кейде тіпті облыс орталығына сапарлауға тура келетін. Енді бизнеске байланысты барлық мәселені осы жерде шеше аламыз.

Бүгінде кәсіпкерлерді қолдау орталығында кәсіпкерлер палатасы аймақтық құрылымының, «Даму» кәсіпкерлікті қолдау қорының, аудандық әкімдіктің кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімдерінің, «Халық банкі» мен халыққа қызмет көрсету орталығының мамандары бірлесіп жұмыс жасайды. Бұдан басқа өз ісін ашуға ынта танытқандарды оқыту үшін «Бизнес-мектеп» бар.

Жалпы аймақтарда осындай орталықтар ашу жөнінде Ұлттық кәсіпкерлер палатасы басқармасы төрағасының орынбасары Нұржан Әлтаев жан-жақты түсіндіреді.

– Елбасымыз Қазақстан халқына Жолдауында, — дейді ол, — еліміздің жаңа экономикалық саясатын айқындай отырып, кәсіпкерлікті дамыту мен қолдауға ерекше көңіл бөлді. Мемлекет басшысы бизнес қоғамдастығын ілгері бастыруға арналған бірнеше нақты тапсырмалар берді. Соны орындау бағытында елімізде құрылып жатқан кәсіпкерлерді қолдау орталығын ерекше атауға болады. Ұлттық кәсіпкерлер палатасы қолға алған бұл шара республикада шағын және орта бизнестің дамуына серпін береді.

Үстіміздегі жылдан бастап кәсіпкерлерді қолдау орталықтарын аудандарда да жүзеге асыруды қолға алдық. Бұл бағытта нақты қадамдар жасалуда. Бүгінде еліміздің бес аймағында осындай орталықтар ашыла бастады. Оны кәсіпкерлер үйі деп те атайды. Жоспарымыз бойынша, биылғы бірінші тоқсанның соңында осындай орталықтар еліміздің 188 ауданында ашылуы тиіс.

Кәсіпкерлер үйі «бір терезе» қағидасы бойынша жұмыс жасайды. Яғни, мұнда шағын және орта бизнес өкілдері барлық қызмет түрлерінен көмек алады. Алдымен, рұқсат беруші құжаттарды рәсімдеу тездетіледі. Жүргізілген сараптама нәтижесі көрсетіп отырғанындай, бизнес иелері көбіне жер қатынастары мен сәулет саласына қатысты бөлімдерде көп кідіреді. Сондықтан, кәсіпкерлерді қолдау орталықтарында осы мемлекеттік құрылымдардың өкілдері тұрақты болып, рұқсат беруші құжаттарды реттейді. Осында кәсіпкерлікті қолдауға қатысты барлық институттардың және халыққа қызмет көрсету орталығының, сонымен қатар кәсіпкерлер палатасының өкілдері орналасады. Әсіресе, бизнес иелеріне құқықтық және заңдық тұрғыдан көмек көрсететін заңгерлер қызметі қажет-ақ. Сонда кәсіпкерлер барлығы 20-дан аса түрлі қызмет түрімен қамтылады.

Сондай-ақ, кәсіпкерлерді қолдау орталығында өз ісін ашуға ниет білдіргендер үшін «бизнес-мектептер» жұмыс жасайды. Осы орайда бір нәрсеге назар аударғым келеді. Қазір кейбір мемлекеттік құрылымдар кәсіпкерлерді оқытуды қолға алған сыңайлы. Алайда, мұндай шараға әлдебір консалтингтік компанияға тапсырыс береді. Ал, соңғысы бұрын ешқашан бизнеспен айналыспаған, оны тек теория жүзінде ғана білетін оқытушыларды жалдайды. Олар адамдарды бизнестің қыр-сырына үйретуге тырысады. Әйтсе де, байқап жүргеніміздей, мұның тиімділігі шамалы. Сондықтан, бұл мәселеге басқаша келген жөн. Біз кәсіпкерлер мектебіне, алдымен, осы салада жеткілікті тәжірибесі бар, өз бизнесін сәтті жүргізіп отырған жандарды шақырамыз. Олардың өзгелерге беретін нақты бағыт-бағдары бар.

Кәсіпкерлерді қолдау орталығын мамандармен қамту мәселесі де ретімен шешіліп келеді. Рас, кейбір өңірде кадр жетіспеушілігі кездесетін шығар. Сондықтан, Ұлттық кәсіпкерлер палатасы облыс пен аудандық кәсіпкерлерді қолдау орталықтарымен және кәсіпкерлер палатасымен онлайн-бейне байланыс арқылы жұмыс жасауды жүзеге асырмақ. Соның нәтижесінде, кез келген бизнес иесі облыстық кәсіпкерлерді қолдау орталығына келіп, «онлайн» режимінде керекті кеңесін алады.

Әрине, бізге барлық бағдарламаны жетік білетін мамандар қажет. Біз қазір мұндай мамандарды дайындадық. Кәсіп-керлерді қолдау орталықтарында тек жұмыс жасап жатқан бизнес иелеріне ғана емес, өз ісін ашуға ниет білдіргендерге де кеңінен көмек көрсетіледі. Бұрын бизнеспен шұғылданып көрмегендерге кәсіпкерлік мектебі жәрдемдеседі. Бізге адамдардың несие алып, мәселен, үйін кепілдікке қойып, кейін түрлі қиыншылықтарға ұрынып, бәрінен айырылып қалғаны қажет емес. Мұндай келеңсіз-діктерге ұрынбауға кәсіпкерлерді қолдау орталықтары көмектеседі. Жалпы, менің ойымша, осындай орталықтардың қолдауы нәтижесінде елімізде, соның ішінде ауылдарда, бизнес-нысандар саны одан әрі артпақ.

Осы орайда Атырау облысы бойынша аудандар арасында кәсіпкерлерді қолдау орталығы, алдымен Индербор кентінде ашылып отыр. Оның жұмысына сәттілік тілеймін.

Міне, Елбасымыздың елімізде шағын және орта бизнесті дамыту, сол арқылы жұмыссыздық мәселесін шешу, өз тауарларымызды шығару, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында берген тапсырмасы осылай орындалуда.

Меңдібай СҮМЕСІНОВ.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button