Ауыл басшысының «қолы қысқа»
Пилоттық режимде жүзеге асатын саяси дода республика бойынша 3 қала мен 42 ауданда ұйымдастырылады. Осы орайда Атырау облысына жұмыс сапарымен келген Орталық сайлау комиссиясының (ОСК) төрағасы Нұрлан Әбдіров Исатай ауданына ат басын бұрды.
Нұрлан Мәжитұлы Қамысқаланың мәдениет үйінде тұрғындармен кездесіп, аталған ауылдық округтің әкімі Рафиғат Тажиденованың атқарған жұмыстарымен танысып, тұрғындардың ұсыныс-пікірлерін тыңдады. Ауыл тұрғыны, зейнеткер Бекболат Мусин ауыл әкімінің жұмысына риза екенін тілге тиек етіп, елді мекеннің тыныс-тіршілігіне қатысты ұсыныс-пікірін де жолдады.
– Қазіргі уақытта жергілікті салықтар ауыл әкімінің бюджетіне түседі. Бірақ ол, әрине, жыртықты жамауға жетпейтіні анық. Ауылдың жағдайына келсек, жеріміз өте тозған. Оған экология мен түрлі факторлар себепші. Жер тозғаннан кейін ауыл тұрғындары төрт түлік мал басын көбейтіп, егіні мен бау-бақшасын өсіріп, әрмен қарай өз-өздерін жетілдіріп кете алмай отыр. Әрине, мемлекеттің ұйытқы болуымен жұмыс жасап жатқан шаруалар бар. Бұл жеткіліксіз. Өйткені, каналдар тартылып, құрғап барады. Осы мәселелердің түйінін шешейін десе, ауыл әкімінің «қолы қысқа». Сондықтан, менің ұсынысым, халық сайлаған ауыл әкімінің қолына бюджет берілуі керек деп ойлаймын. Бюджет берілсе, Рафиғат Әнуарбекқызының түйінді мәселелерді шешуге білімі мен білігі жететініне күмәніміз жоқ. Әр сайланған әкім іркілмей, өз жұмысын жасауы үшін оған экономикалық негіз бен Үкімет тарапынан көмек беріліп, ауыл не аудан әкімі болсын оларға дербестік берілуі керек-ақ. Сонда ғана жұмыс өнімділігі болатынына сенімдімін, — деген ауыл тұрғыны бұл пікірмен халық та келісетінін жеткізді.
Бұдан кейін Орталық сайлау комиссиясының (ОСК) төрағасы Аққыстау ауылының белсенділерімен жүздесіп, жастардың қоғамдағы ролі туралы пікірлесті. Жиынға қатысушылар сайлауға байланысты түрлі сауалдар мен ұсыныстарын ортаға салды. Саяси науқанға халықтың қатысуын, белсенділігін арттыру үшін онлайн форматта өтсе деген ұсыныстарын ортаға салды. Нұрлан Мәжитұлы барлық сұраққа заң шеңберінде жауап берді.
Содан соң Орталық сайлау комиссиясының (ОСК) төрағасы аудандық «Жалын» мәдениет үйінде аумақтық сайлау комиссиясы мүшелері, кандидаттардың сайлауалды штабтарының өкілдері, саяси партиялар, электоралды жаттықтырушылар, мүдделі мемлекеттік органдар, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері мен байқаушылардың қатысуымен семинар-кеңес өткізді.
Жалпы аудан бойынша халық саны 27 286 болса, сайлаушы саны 15 979-ды құрайды. Ал, 15 сайлау учаскесі бойынша барлық жағдайдың бақылауда екені де кеңес барысында пысықталды. Ауданның сайлауалды жұмыстарымен толыққанды танысқан Нұрлан Мәжитұлы аудан әкімінің сайлауына сақадай-сай екенін тілге тиек етіп, атқарылып жатқан жұмыстарға қанағаттанатындығын жеткізді.
Сондай-ақ учаскелік сайлау комиссияларының мүшелеріне арналған каскадтық әдіс бойынша оқыту семинары өткізілді. Жергілікті сайлауды ұйымдастырушыларға арналған оқыту семинарлары аясында «Дауыс беру күні» іскерлік ойыны ұйымдастырылды. Дауыс беру күнінің барлық кезеңдері қарастырылды. Сондай-ақ, сайлау процесіне қатысушылардың құқықтары мен міндеттері, дауыс беру күні туындайтын стандартты емес жағдайлар туралы кейс тапсырмалары ойнатылып, оларды шешу әдістері түсіндірілді.
Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Атырауға сапары барысында Қызылқоға ауданына да барды.
Майра СЕЙІТҚАЛИҚЫЗЫ
Суретті түсірген Әнуар Әбілғазиев