Ауылға отандық инвестиция керек
Мемлекет басшысы кешегі Жолдауында да агроөнеркәсіп кешені мен транспорт, логистикаға басымдық берілетінін атап айтты. Жаппай кәсіпкерлікті дамыту маңызды екеніне, бизнеске ұмтылысты одан әрі кеңейту керектігіне тоқталды.
Аграрлық секторда шағын және орта бизнес арқылы жұмыс орындарын құру мен елдiң экспорттық әлеуетiн дамытуға қолдау таныту туралы ұсыныс та қанаттандырды. Ауыл шаруашылығы шикізатын өндіріп қана қоймай, сонымен бірге, одан жасалған дайын тауарды тұтынушыға жеткізгенге дейінгі өндірістік тізбекті түгелімен қамтитын кешенді холдинг құрылуы тиімді болмақ.
Атырау облысының экономикалық әлеуеті табиғи ресурсына сәйкес негізінен индустриялдық бағытта өркендеуде. Облыс республикадағы инвестиция құюға тартымды аймақтың бірі болып есептеледі. Республиканың негізгі капиталына бағытталған инвестицияның 30 пайызына жуығы біздің Атырау облысының үлесіне тиеді. Аймақтың республикадағы стратегиялық рөлі артуымен қатар, отандық экономиканың тұрақты да үдемелі дамуын қамтамасыз етіп келеді.
Мұнайлы өңірдің соңғы үш-төрт жылда өнеркәсіп өндірісімен қатар, ауыл шаруашылығында да өркендеу бар. Ет, сүт өндіру үлесі көбейіп, мал басы өсуде. Облыстық әкімдік жергілікті кәсіпкерлерді қолдаудың барлық шарасын алуда. Әсіресе, мұнай-газ саласына бағытталған әр жобаның төңірегіне сервистік қызмет көрсететін кәсіпорындарды шоғырландыру бағыты – құптарлық жайт. Себебі, аграрлық сала өнеркәсіппен байланыспаған жағдайда рентабельділік төмен болатыны белгілі. Ал, нарық оны көтермейді. Бұл бағытта сервистік қызметке арналған жобалар жүзеге асырылмақ.
Бүгінде облыста азық-түлік белдеуін жасақтау қолға алынды. Аймақ тұрғындарын көкөніспен және бау-бақша өнімдерімен жыл бойы тұрақты қамтамасыз ету үшін жылыжайлар мен қоймалар салынуда. Сонымен бірге, ауыл шаруашылығын инвестициялауға өзіміздің қаржымызды құйғанымыз оңды болар еді.
Елеусін СӘРСЕМБИЕВ,
«Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясының Атырау облыстық филиалы
төрағасының орынбасары: