Жарнама
ЖаңалықтарМедицина

АУТИЗМДІ ЖЕҢУГЕ БОЛА МА?

Atr.kz/ 2 сәуір, 2019 жыл. Екінші сәуір Бүкіләлемдік аутизм мәселесі туралы ақпарат тарату күніне орай облыста бірқатар шаралар қолға алынды. Соның бірі Атырау қалалық №7 емханасының базасындағы «Жұлдыз-ай» медициналық оңалту орталығында  «Ашық есік күні» өтті.

Бұл күні орталық келушілеріне  сағат 10.00-ден 15.00-ге дейін тегін медициналық кеңес беріліп,  көмек көрсетілді. «Ашық есік күніне» қатысқандар аутистік спектрдің  аурулары бар балаларды оқыту процесімен, аутизмнің алғашқы нысандары мен диагностикалау ережелерімен танысты.

Кеңес алушы ата-ананың бірі Ажар Нығметованың ұлы қазір төрт жаста. Баласында психикалық дамуының тежелісі бар. Алайда, дәрігерлер дәл қазір аутизм деп нақты диагноз қоя алмай отыр.

«Сәбидің былдыр-былдыр тілі шығып, сөйлей бастайтын кезінде ұлымда еш өзгеріс  байқалмады. Менің айтқан дыбыстарымды кері қайталамады. Бұған алаңдаған мен оны медициналық тексерістен өткізіп, логопед маманынан бірнеше сабақ алдық. Мәскеу, Астана қалаларының дәрігерлерінің кеңесіне де жүгініп, берген емдерін қабылдадық. Алайда, бүгінде нәтиже байқалмайды. Әрі қарай не істеуіміз қажеттігі жөнінде бүгінде «Ашық есік күніне» келуді жөн көрдім. Мұнда арнайы мамандардан өзіме қажетті ақпараттарды алып жатырмын» деді А.Нығметова.

Орталықта негізінен 1-18 жас аралығындағы балаларға логопед, невролог, реабилитолог, дефектолог және германиялық мамандардан оқып келген екі нұсқаушы қызмет етеді. Эрготерапевт және психолог мамандары жетіспейді. «Ашық есік күнінде» Астанадағы «BI Жұлдыз-ай» медициналық орталығынан психолог  Қайыржан Сапа келушілерді қабылдады.

  • Бүгінде балалар арасында аутизм диагнозы көбейіп келеді. Мұндай балаларды қоғамға бейімдеп, ең бірінші кезекте ата-анасы жан-жақты қолдау көрсетуі қажет. Сондай-ақ, бір ғана дәрігердің көмегіне жүгініп қоймай, логопед, дефектолог, невролог, психологтардың бірлескен медициналық қызметіне де көңіл бөлу қажет. Психикалық дамуында тежелісі бар сәбилерге томатис-терапияның маңызы зор.  Оның бір курсы 16 күнді құрайды.  Астанадағы оңалту орталығының тәжірибесінде осы терапияның 5-6 курсын қабылдағаннан кейін толық сауыққан балалар да бар. Ең бастысы, әрбір ата-ана болашаққа үмітпен қарап, нақты нәтижеге жету үшін дәрігерлермен бірлесіп балаға медициналық, психологиялық тұрғыда қолдау көрсету қажет, — деді Қайыржан Сапа.

Атырау қаласындағы «Жұлдыз-ай» медициналық орталығының реабилитолог-дәрігері Гүлжан Әбілтаеваның айтуынша, қызметін биыл ғана бастаған орталықта  қазір 20 шақты бала ем қабылдауда.  Медициналық қызмет негізінен ақылы. Ал, мүмкіндігі шектеулі, көп балалы, аз қамтылған отбасының балалары үшін белгіленген арнайы жеңілдіктер бар. Аутизм балалармен негізінен логопед, невролог, дефектолог, психологтар жұмыс жасайды. Реабилитологтың көмегі қажет болса, сала мамандары көмектесуге қашан да дайын.

2017 06 17 14 57 27 436569 mederia.ru

 Тағы бір айта кетерлігі, 17-18 сәуір аралығында  Санкт-Петербург  қаласынан ортопед-дәрігер  Андрей Кольцов  аталған орталыққа келіп, ортопедиялық бұзылыстары бар сал ауруына шалдыққан балаларға қабылдау жүргізеді.

Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА

Айтулы күнге орай қолға алынған шаралар аймақта үш күнге жоспарланды. Атырау қаласындағы «Сәулем-ай» ерте дамыту орталығында аутист балаларды оқытуға арналған шеберлік сыныбы өтті. «Baizaar» ойын-сауық орталығында  мерекелік акция өтсе, Құрманғазы атындағы мәдениет сарайында  балалар спектаклі көрсетілді.  Бұдан басқа, ертең облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының ұйымдастыруымен  балалар Атырау қаласындағы аквапаркке саяхаттайды. Сондай-ақ, облыстық психикалық денсаулық орталығында бүлдіршіндердің қатысуымен ертегі-терапия ұйымдастырылады.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button