Жарнама
Жаңалықтар

Аудиторлар қаржыгерлер күнін атап өтті

Атырау облысы бойынша ішкі аудит департаменті қаржыгерлер күнін ерекше сән-салтанатпен атап өтті. Бұл күні қаржы сақшылары сала ардагерлеріне құрмет көрсетті.


Департамент басшысы Мәулен Мүтиев атап өткендей, төл теңгеміз тек ТМД елдерінің арасында ғана емес, күллі әлемде сапасы жағынан да, дизайны жағынан да бірегей валюта болып есептеледі. Сондықтан оның құнын да төмендетпеу маңызды мәселе болып қала бермек. “Қазақта “ұрпақтар сабақтастығы” деген жақсы тіркес бар. Мемлекет қазынасын бақылау жүйесінде ағалар салып кеткен ізбен жүріп келеміз. Сол жолмен жұмысымызды жалғастырудамыз. Өңірде Атырау облысы бойынша ішкі мемлекеттік аудит департаментінде ұзақ жыл еселі еңбек еткен ардагерлеріміз еленіп келеді. Жақында бір ардагеріміз Атырау қаласының Құрметті азаматы атанса, енді біріне жақында Қызылқоға ауданының Құрметті азаматы атағы берілді”,-дей келе Мәулен Асқарұлы мерейлі жасқа толған ардагерге Алғыс хаттар табыс етті. Сондай-ақ, жыл бойы үздік қызмет атқарған қызметкерлер де марапатталды.
Сала ардагарлері атынан сөз сөйлеген Қибатолла Дәулетов кәсіби мерекеде елеусіз қалдырмай, құрмет көрсеткені үшін департамент басшылығына шынайы алғысын жеткізді. “Осы салаға келген кезімде қыздар көбірек болатын. Ер адамдар саусақпен санарлық еді. Сол кезде басшылық “шахмат ойнап отырамыз” деп әзілдейтін еді. Себебі, бірінен соң бірі бала күтіміне байланысты демалысқа кетеді. Ал, 1967 жылы мектепті аяқтап, Семей қаржы техникумына оқуға түскен болатынмын. Соны аяқтағаннан бері осы жүйеде жұмыс істедім. Қаржы бақылау жүйесінің қызығы мен шыжығы қатар жүретін. Өйткені, ақшаны тергеп-тексеріп, кемшілік анықтағанды көпшілік жақсы көрмейтін. Алайда, біз қызметімізге адал болдық”,-дейді Қибатолла Дәулетов. Сала ардагері Тамара Сорокина зейнеткерлікке шыққанына 15 жылдан астам уақыт өтсе де ізбасарларының ұдайы қал-жағдайын сұрап тұратынына ризашылығын білдірді.
Салтанатты шара әдемі кешке ұласып, ән мен жырдан шашу шашылды.

Айбөпе САБЫРОВА

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button