АУДАНДЫҚ ШТАБ ІСКЕ КІРІСТІ

Теңге бағамы өзгеруіне қатысты өңірде шұғыл іс-шаралар қолға алынып, алдымен бірінші кезекте тұтынатын азық-түлік бағаларына бақылау жүргізу үшін құрамы тоғыз адамнан тұратын аудандық штаб құрылды. Штабқа өңір басшысы Мақсым Ізбасов төрағалық етеді. Ал, аудандық ауыл шаруашылығы және кәсіпкерлік  бөлімдері штабтың жұмысшы органы болып белгіленді.

 

Штаб әуелі базарлар мен көтерме саудадағы жауапты адамдар, қаржы полициясы, прокуратура, ішкі істер, санитарлық-эпидемиологиялық станса және төтенше жағдай бөлімдері жетекшілерінің   қатысуымен   алғашқы отырысын өткізіп, алынған іс-шаралар жайын талқылады. Кейін осы құрамда және ақпарат құралдары өкілдерінің қатысуымен кеңейтілген мәжілісі өтіп, бұл бағыттағы жұмыстың бастапқы барысы баяндалды.

Штаб мүшесі, аудан әкімінің орынбасары Жәрдемғали Ахметовтің айтуынша, жедел жұмыс тобымен күніне екі мәрте көтерме және ірі сауда орындарына мониторинг жүргізіліп, бұл іске жоғарыда аталған қадағалау органдарының  жауапты адамдары да тартылып отыр. Мақсат – халық бірінші кезекте тұтынатын 33 түрлі азық-түлік өнімдерінің бағасын негізсіз өсірмеу. Бұл ретте нан бағасы қатаң бақылауда. Жиында «АтырауСауда», «Карат» және «Беркад» ЖШС, басқа да өңірдегі «Атаба», «Лидер» және «Ақтан» сауда орындары басшыларына күнделікті қажетті тауарлар бағаларының себепсіз көтерілуінің алдын алу тапсырылды. Әзірге қалада және округтерде мұндай қадамға ешкім бара қойған жоқ. Әлдекімдердің еш нәрсенің байыбына бармай, жағдайды пайдаланып қалуға ұмтылуы мүмкін, бірақ теңгенің жаңа бағамына орай дүрбелеңге ұрынуға еш негіз жоқ.

Әйткенмен Премьер-министр Серік Ахметов Үкімет мүшелерінің отырысында қадап айтқанындай, «бұл ретте тұрақтандыру қорларының ресурстарын тарту, сауда нүктелерін тауармен қамтамасыз етіп, олардың жұмыстарын ерекше бақылауға алу керек».

Қаржау Оразбаев,

меншікті тілшіміз.

Жылыой ауданы.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз