Ауадан ақша жасаған риэлторлардан қашан құтыламыз?
– Сәлеметсіз бе, пәтерімді сатайын деп едім, бірақ, оның құжаттарын жасақтайтын уақытым жоқ еді…
– Әрине, біз барлығын өз міндетімізге аламыз, шекті бағаны айтсаңыз болғаны…
Иә, қазір кез келген қаладан пәтерді жалға алу немесе сату, сатып алу үшін бірнеше күн жарнама ақтарып, газет біткеннің бәрін оқып «тауысу» міндетті емес. Қалтасында қаражаты бар жанға делдал көмегін ұсынатын ірілі-ұсақты риэлторлық компаниялар жетіп артылады. Ұнатқанын таңдасаңыз болғаны, белгіленген уақытта риэлторлар жаңа пәтерді тауып та береді, сатып та жібереді.
Бұл қандай қызмет?
Жылжымайтын мүлiк нысанына қатысты шараны жүзеге асыру саласында арнайы бiлiм алған маман, осы нарықтағы жол сiлтеушiні риэлтор деп атаймыз. Ағылшын тiлiнен аударғанда «realty» сөзi «жылжымайтын мүлiк» немесе «жылжымайтын мүлiктi сататын агент» деген мағына бередi екен. Бұл ұғымның шығу тарихы АҚШ-тағы Риэлторлар ұлттық қауымдастығының құрылуымен байланыстырылады.
Біздің елде риэлтор қызметі тоқсаныншы жылдары, яғни, халық делдалдықты меңгере бастаған кезде пайда болды. Отандық тұтынушылар «жабайы» қарым-қатынастан заң аясында қызмет ететін мамандарды риэлтор ретiнде ХХI ғасырда ғана таныды. Осыдан он жыл бұрын Алматыда өткен риэлторлардың III құрылтайы қарсаңында бекітілген «Риэлторлар күнi» мерекесі де аталып өтеді.
Қатардағы риэлторға негізінен клиентке кеңес беру, қызмет көрсету туралы келісім-шарт жасау, тапсырыс берушінің сұранысына байланысты жылжымайтын мүлік іздеу, оны сату міндеттеледі. Орта және жоғары білімі және халықпен тез тіл табыса кететін жанға бұл қызметті игеру онша қиын емес. Тіпті, кейбір риэлторлық компанияларда үміткерлерге жаңа кәсіпті үйренуге мүмкіндік беріп, жан-жақты оқытатын бағдарлама бар көрінеді.
Үйіңді сатып, пайда табады
Мұнайлы өлкедегі риэлторлық компаниялардың қызметімен таныспақ болып жарнама беттерінен тапқан бірнеше мекемеге телефон шалдық. Неге екені белгісіз, олар редакциядан екенімізді ести салысымен тұтқаны қоя берді. Енді бірі басшысының қалада жоқ екенін сылтауратып, кеңсеге барғанымызды құп көрмеді. Пайда әкелетін тұтынушы болмасақ, тілшілерді онша жақтырмайтынын ұққаннан кейін «шешінген судан тайынбас» демекші, пәтер сатушы клиент ретінде қайта хабарластық. Бұған дейін неше түрлі сылтау айтып отырған риэлторымыз пәтерімізді сататынымызды айтқанда өзгеше «сайрай» жөнелді.
– Қала орталығындағы тұрғын үйдегі екі бөлмелі пәтерімізді сатқымыз келеді…
– Айта беріңіз, бастапқы ұсынатын бағаңыз қандай?..
Шындығында, жуық арада пәтер сататын жоспар түгілі, ойымыз да жоқ еді, сондықтан «18 миллион теңге» дей салдық.
– Пәтеріңіз орталықта орналасқанына қарамастан мұндай бәске өтпейді, тым қымбат. Төртінші қабатта орналасқан үш бөлмелі пәтерді 15 миллион теңгеге өткізе алмай отырмыз. Мүмкін, бағасын түсірсеңіз, өтетін шығар. Негізі, нарықты қадағалап отыру керек қой. Оның үстіне, үйдің сапасы, жайлылығы, жөндеуі, бәрі-бәрі үлкен рөл атқарады. Мәселен, орталықта тұрғанымен, кей пәтерлердің сапасы сын көтермей жатады. Оған да мән беру қажет. Сондықтан, үйіңіздің бөлмелерін суретке түсіріп жіберіңіз. Сондай-ақ, пәтерді бағалау (оценка) маңызды, — дейді өзін Әсел деп таныстырған риэлторлық компания қызметкері.
Ал, мұндай қызмет түрінің ақысы сатылатын пәтердің бәсіне байланысты көрінеді. Үй сатылған жағдайда оның құны – 620 мың теңге тұрады. Егер баспанаңызды 100 мың АҚШ долларынан да жоғары бағаға сатып беретін болса, бұл қызмет түрінің де бәсі қымбаттайды екен.
– Жалпы, біз үйдің болжамды түрде қаншаға өтетінін бірден айтамыз. Қазіргі таңда пәтердің бір шаршы метрі әртүрлі бағаланады. Баспанасы жоқ атыраулықтар көбінесе мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасына үміт артады. Байқауымша, жұрт әлі күнге тегін үй аламын деп ойлайды. Енді бірі екінші деңгейлі банктерге артық қаражатын жинап, ипотека алуды жөн санайды. Бізге көбінесе пәтер іздеуге бос уақыты жоқ адамдар хабарласады ғой. Мүмкіндігінше әр адамның сұрағанын тауып беруге ұмтылып жатырмыз. Себебі, осы арқылы табыс табамыз. Саламызда бәсекелестік өте жоғары, — дейді Әсел.
Жүйесі жоқ жұмыс
Атырау қаласының тұрғыны, жас кәсіпкер Ботагөз Жетібаева әлемдік ахуал қаншалықты құбылғанымен, өткен жылдармен салыстырғанда Қазақстанда жылжымайтын мүлік нарығындағы баға айтарлықтай өскенін айтады. Біздің білуімізше, мемлекеттік бағдарламамен сатып алу құқығымен берілетін арендалық тұрғын үйлердің де, жалпы нарықтағы пәтерлердің де бағасы жылдан жылға қымбаттап келеді. Мәселен, осыдан үш жыл бұрын «Қолжетімді баспана–2020» бағдарламасы арқылы пайдалануға берілген үйлердің бір шаршы метрі 98 мың теңгеден басталатын. Бүгінде олардың құны 120 мың теңгеден асады.
Айтпағымыз, біз тілдескен жас кәсіпкер былтыр өзінің бір бөлмелі пәтерін риэлторлық компания қызметі арқылы сатқан. Заман ағымына ілескен бизнесвумен осындай компаниялардың қызметін тұрақты түрде пайдаланып тұратын көрінеді.
– Негізінде риэлторлық кәсіп туралы заң қабылдап, сол арқылы бір стандартқа жүгініп, бағаны ретке келтіретін кез жетті деп ойлаймын. Әйтпесе, әр компания қызметіне өз пайызын белгілеп алып, жылжымайтын мүліктің бағасын жасанды түрде қолдан көтеріп отырғаны байқалады. Қатаң қадағалау керек. Меніңше, мәселе еліміздегі риэлторлық бизнесте ортақ жүйенің жоқтығынан өрбіп отыр, — дейді ол.
Жас кәсіпкер пікірінің жаны бар. Дүниежүзінің көптеген елінде бұл сала бір жүйеге келтірілген.
Басқа елдерде қалай?
Мәселен, көршілес Ресейде қазір риэлторлық компаниялар өз еріктерімен сертификат алып, кәсіптерін сақтандыруда. Сонымен қатар, олар өзін-өзі реттеу заңнамасын талқыға салуда. АҚШ-та, Германияда, Канадада риэлторлықты реттеуге қатысты нақты талап қойылған. Ұлыбритания, Бельгия, Испания елдерінде де осындай қызмет нарығын реттеу қызметі ерекше назарға алынған. Сингапурде арнаулы тұрғын үй қоры бар. Әлеуметтік-демократиялық саясаттың нәтижесінде бұл қорда жинақтау жүйесі қалыптасқан. Ол бойынша әр жұмысшы баспаналы болуға құқылы. Яғни, жинақтау жүйесіне жұмысшылар өз жалақысынан ай сайын салым жасап отырады. Еуропа елдерінде жекеменшiк иесi сатуға бекiнген үйiн сатып алушыға өзi ұсынбай, риэлторлардың көмегiне жүгiнедi. Әрбiр сатылатын нысанда риэлторлық компанияның байланыс телефоны көрсетiледі. Демек, олар да ұсынылатын қызметтiң сапасына жауап беруi қажет.
Айбөпе САБЫРОВА