Ауа-райын AIR KZ мобильдік қосымшасынан көріңіз
Атырау қалалық мәслихатының кезекті ІХ сессиясының күн тәртібінде бірнеше маңызды мәселелер қаралып, тиісті шешімдер шығарылды, деп хабарайды atr.kz
Сессияда қаралған негізгі мәселенің қатарында телекоммуникация мен «Казгидромет» жұмысы бар.
«Қазақтелеком» АҚ-ның Атырау жергілікті желілер телекоммуникация торабының директоры Нұрлан Макулов депутаттар алдында берген есебінде 2019-2020 жылдардағы «Қазақтелеком» АҚ филиалы Батыс өңірлік телекоммуникация дирекциясының елді мекен тұрғындарына телекоммуникация қызметінің ұсынылуын қамтамасыз ету, жобалар және тұрғындардың сапалы байланысқа сұраныстарын қанағаттандыру мақсатында атқарылған жұмыстары туралы баяндады. Мәселен, жеке тұлғаларға қызмет көрсету аясында 2019 жылы 998 абонент телефон желісіне қосылса, 2020 жылы 784 абонентті қамтыған. Желілік кабельді күрделі жөндеу жұмыстары да жоспарға сай жүргізіліп келеді. Биылғы жоспар бойынша 1200 жұп желіні жөндеу қарастырылса, 2019 жылы 700, былтыр 1100 жұп желі жөндеуден өткен.
Бекітілген кестеге сай, келесі кезекте «Казгидромет» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының 2019-2020 жылдарда атқарған жұмыстары туралы «Казгидромет» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының Атырау облысы бойынша филиал басшысы Салауат Төленов баяндап, атқарылған жұмыстармен қатар, алдағы жоспарларды да жария етті. Стихиялық оқиғалардың, қоршаған ортаның шектен тыс ластану деңгейінің жоғарылауының алдын алу, жалпы мәліметтері жинақтаумен айналысатын филиал қарамағында облыс бойынша 11 метеорологиялық, 2 агрометеорологиялық, 1 аэрологиялық, 12 гидрологиялық, 6 экологиялық станция мен бекеттер орналасқан. Атырау қаласындағы атмосфералық ауа мониторингінің нәтижелері AIR KZ мобильдік қосымшасында және «Қазгидромет» сайтында жарияланып, жауапты мекемелерге жолданып отырады.
Күн тәртібіне сай, Атырау қаласы бюджетінің атқарылуы туралы мәселе қаралып, соңында мәслихаттың кезекті Х сессия төрағасы сайланды.