АУҒАНДА СОҒЫСҚАН АРУ
Ата жолымен
Майра Уахитқызы сол кездегі Балықшы ауданының Ломоносов атындағы орта мектепті бітірген соң Гурьев медициналық училищесін де өте жақсы бағамен аяқтайды. Сол жылдары училище түлектерін әр облысқа жіберетін. Өз атасы мен әкесінің жолымен Майра да Кеңес Одағы коммунистік партиясына мүше болуды міндетті санады. Майраның атасы Елеусін Жазықбаев ұзақ жылдар облыстың балық шаруашылығы саласында басшы болып еңбек етті. Ұлы Отан соғысы жылдарында майдангерлерді балық өнімдерімен қамтамасыз етіп, нағыз коммунистің үлгісін көрсетеді. Қазір Атырау қаласының бір көшесі Елеусін Жазықбаев атамыздың атымен аталады. Ал, әкесі Уахит 16-ға толған кезінде жасын үлкейтіп көрсетіп, соғысқа өз еркімен аттанған. Соғыстың соңғы айларында екінші рет алған ауыр жарақаттан кейін ұзақ уақыт госпитальда емделді, сөйтіп Жеңіс күнін туған жерінде қарсы алыпты. Уахит аға соғыстан соңғы өмірін жастар тәрбиесі, партия жұмыстарына арнады.
Майра үшін 1984, 1985-ші жылдар ауыр болды. Өйткені, өзі үлгі тұтқан атасы мен әкесі бірінен соң бірі өмірден өтті. Сондықтан, ата мен әке ісін жалғастыру парыз деп түсінді. Өзінің партияға алу жөнінде жазған өтінішінде: «Менің атам – Елеусін, әкем – Уахит комунистік партияның жарқын болашағына сенді. Және сол үшін адал еңбек еткен нағыз коммунистер еді» деп келтіреді. 1985 жылы ол коммунистік партия қатарына қабылданады. Ол кезде Майра небәрі 26 жаста еді.
Ержүрек медбике
1986 жылы партия жас коммунист, әскери-дәрігер қызды көмек беру үшін Ауған еліндегі соғысқа жіберді. Бұл Ауғанстанның оңтүстігіндегі Пәкістанмен шекаралас Джалаллабад қаласы аумағындағы «Аса қауіпті жұқпалы аурулар» госпиталі еді. «Онда оба, тырысқақ, ішек сүзегі, безгек сияқты аурулар кездесті» деп еске алады Майра. Қала — экологиясы нашар, ең лас саналатын өзеннің жағасында еді. Одан адам да, мал да су ішетін. Сондықтан, ауыз судың ластығы жұқпалы аурулардың көптеп таралуына себепші болды. Соғыс, аштық, көлеңкенің өзінде 60 градус ыстық, көмілмеген өліктер жауынгерлердің, әсіресе жаяу әскер мен десанттардың көптеп ауруына әкеліп соқтырды. Олар көзге көрінбейтін қараңғы, таулы аймақтарда түнде соғыс қимылдарын жүргізді.
Дәрігерлер демалыссыз күн-түн демей жұмыс істеді. Ол кезде бір рет қолданылатын шприцтер болмады. Сөйте жүре Майра туыстарын «Ташкент маңында жұмыс істеудемін» деп сендіреді. Кейіннен, анасы Зереп қызының қауіпті жерде жүргенін сезгенін, бірақ Майра әскери адам болғандықтан, іштен тынғанын айтыпты.
Жұмыс бабымен Кабул қаласына айына екі-үш рет ұшуға тура келетін. Бастапқы уақытта жай медбикелер де баратын. Бірақ, бірінен соң бірі екі медбике отырған ұшақ әуеде атып түсірілгеннен кейін, бұл жұмыс әскери адам – Майраға жүктелді. «Әр ай сайын құжаттар, ақша, дәрі-дәрмектерді әкелу үшін ұшуға тура келді. Орындықтары жоқ кішкентай ұшақтың еденіне тапанша мен екі граната салынған сөмкені жастанған бойда ұйықтап қалатынмын» деп есіне алады кейіпкеріміз.
Германияға сапар
Майра 1988 жылы абыроймен елге оралды. Алайда, қазақтың батыр қызын жарты жылдан соң Герман Демократиялық Республикасына әскери қызметін жалғастыруға жібереді. Онда Франциямен шекарадағы Гера деген қалада бес жыл қызмет етті.
Ол жақтағы қызметінен көптеген марапаттарға ие болып, 1993 жылы Алматыға келіп, республикалық гвардияның дәріхана бастығы қызметін алты жыл бойы атқарды. Содан 42 жасқа толғанда ғана әскери ретінде зейнеткерлікке шықты. Бірақ, бес жылдан соң сол қызметіне қайтадан шақырылды. Сол жерде 2014 жылдың соңына дейін қызмет етіп, анасының өтінішімен ғана туған жерге оралды. Анасы Зереп Көжмұханова (Жазықбаева) биыл 90 жасқа келеді. Зереп анамыз да осы жасқа дейін қыздары Майра мен Мәрияны әр уақыт қолдап, аналық қамқорлығын аямаған.
Майра Жазықбаева әскери қызметтегі ерліктері үшін Ауғанстан және КСРО медальдарымен, Қазақстан Республикасының «Шапағат» ордені, Талғат Бигелдинов атындағы
медалімен марапатталған.
Айгүл ЕРМЕКОВА,
Атырау мұнай және газ институтының
оқытушысы, доцент.