Жарнама
"ATYRAÝ"-ға 100 жыл!ЖаңалықтарҚоғам

«Атырауыңнан» іргеңді ажыратпа, ардақты ағайын!

Atr.kz/18 қазан, 2019 жыл. Ғасырға жуық тарихы бар, замана ағымымен үндесіп, бүгінде халқымен біте қайнасқан облыстық «Атырау» газетінің аудандардағы дәстүрлі күндері МАХАМБЕТ ауданында жалғасты.

Қалың оқырманымен ойласып, пікірлесуге келген журналистер десантын Махамбет ауданының әкімі Жәрдемғали Ахметов қабылдады. Ауыл шаруашылықты ауданның биылғы тоғыз айлық көрсеткіштері көңіл көншітерліктей. Ауылдық жерде агросекторды өрістетуде махамбеттіктердің жетістіктерінен хабардар болған «Атырау-Ақпарат» ЖШС директорының орынбасары Ысқақ Егембердиев пен облыстық «Атырау» газетінің бас редакторы Исатай Балмағамбетов өз кезегінде газеттің қоғамдағы орны және оқырмандарға ұсынар болашақ жаңа жобалармен, тың бастамалармен бөлісті.

САНАНЫ УЛАЙТЫН СМАРТФОНДАР

Аудан орталығындағы «Өнерпаз» мәдениет үйінде газет жанашырлары –ардагерлер, аудандық мекемелер мен ұйымдар басшылары, ауылдық округтердің әкімдері, шағын және орта кәсіп иелері қатысқан кездесуді Махамбет ауданы әкімінің аппарат басшысы Нұрлан Қалиев ашып, жүргізіп отырды.

– Кез келген тексерілген, сараланып зерделенген ақпаратты мемлекеттік газет бере алады. Қандай да бір кемшілік жарияланатын болса, ол дәлелді, дәйекті деген сөз. Бізде «газет не жазады дейсің, онда оқитын не бар?» деген теріс түсінік қалыптасқан. Шынтуайтына келгенде, көпшілігіміз газетті тек бір жақынымыз қайтыс болғанда қаделі күнін хабарлау үшін немесе туыс-бауырымыздың мерейлі жасқа толуымен құттықтау қажет болған сәтте ғана еске аламыз.

img 20190323 224548

Газет журналистерінің, тілші-авторлардың, зиялы қауым өкілдерінің тағылымды тарихымызды, салт-дәстүріміз бен ұлттық құндылықтарымызды, тіліміз бен дінімізді, адамдардың қилы тағдыры мен жастардың тәлім-тәрбиесіне, қоғамдағы келеңсіз құбылыстарға қатысты сараптамалық мақалалардың тұрақты жарық көріп жатқандығын көпшілік біле де бермейді. Ең өкініштісі де осы, — деді «Атырау-Ақпарат» ЖШС директорының орынбасары Ысқақ Егембердиев.

Бүгінгі ақпарат кеңістігінің дамыған заманында өркениетті елдерде халық шынайы, әрі толық ақпаратты мерзімді басылымдардан алатындығын айтқан ол Жапонияда күніне үш рет шығатын, 9 млн. тиражбен оқырманға лезде тарап кететін, АҚШ, Франция, Англия сынды дамыған елдерде бірнеше миллион тиражбен тарайтын газеттердің де көп екендігін нақты мысалмен жеткізді.

0001

«Қазіргі кәрі-жас өзіне телмірткен гаджетке, ұялы телефонға, смартфонға тәуелді болып барады. Бірақ, оның да уақыты өтеді. Болашақта инстаграм, фейсбук желілеріне де бұғаттау қойылатын шақ та туады. Ғылым мен техникасы қарыштап дамыған Жапония гаджетке тәуелділіктен осыдан 22 жыл бұрын құтылды. Сондықтан, ата-аналар, зиялы қауым балаларымызды білімге, кітапқұмарлыққа, ізденімпаздыққа талпынуға тәрбиелейік!» деп өз ойын қорытты Ысқақ Дүйсембайұлы.

БАСЫЛЫМНЫҢ БАСТАМАЛАРЫ

Баспасөз бен бұқараның тығыз да, дәстүрлі байланысын бұрынғыдан да нығайтуды мақсат еткен басқосуда облыстық «Атырау» газетінің бас редакторы Исатай Балмағамбетов биыл Жастар жылында газетте «Армандастар» арнайы қосымшасы ашылғандығын, мұнда жастарға қатысты сан-салалы мәселелердің тұрақты көрініс таба бастағандығынан оқырмандарды хабардар етті. Түрлі сала қызметкерлерінің сұрауына байланысты «Газет ішіндегі газет» айдарымен ай сайын «Педагог», «Жандауа», «Талбесік», «Бизнесмен», «Әділет әлемі», «Инновация +» атты арнаулы қосымшалар ай сайын кезегімен ұдайы жарық көріп тұрады.

tsifrovoj kazahstan sozdanie natsionalnoj tsifrovoj kinokollektsii

– Біздің ұстанымның негізгі ерекшелігі – ұлттық құндылықтарымызды ұлықтау, бұқараның мұңын мұңдап, жоғын жоқтау, әлеуметтің әлеуетін, оқырмандардың адамгершілік, имандылық талап-талғамын көтеру. Осы орайда өздеріңізге «Адамгершілік айнасы», «Елді елең еткізген», «Не тыңдап жүрсіз?», «Сізді не толғандырады?» «Қазақ қазынасы» атты арнайы айдарлар аясында түрлі жанрда қызықты материалдар ұсынып келеміз.

Сонымен қатар, «Елді елең еткізген», «Селт еткізер сурет», «Атыраудың» галереясы» деген жаңа айдарлар да оқырмандарды
қызықтырмай қоймайды. Сондықтан, «Атырауды» еркін ой-пікір мінберіне айналдыруға сіз де үн қосады деген сенімдеміз, — деп өз ойын сабақтады бас редактор.

«ЖҮЙКЕМІЗДІ ЖҰҚАРТҚАН ПОШТА»

Мінберге көтерілген Махамбет ауданының Құрметті азаматы, ауыл шаруашылығы саласының ардагері Мәндірғали Оразғалиев 1911 жылы 10 наурыз күнгі «Қазақстан» газетінде жарық көрген Алаш ардақтысы, әдебиет зерттеуші ғалым, түркітанушы, қоғам қайраткері Ахмет Байтұрсыновтың «Газет – біздің білмегенді көрсететін және үйрететін ұстазымыз. Газет – біздің қараңғыда жарық беріп, тура жолға салатын шамшырағымыз» деген сөзін мысалға алып, қазіргі заманғы баспасөздің қоғамдағы орны туралы өз пайымымен бөлісті.

– Газет – халық айнасы, жақсылықтың жаршысы, хабаршысы» деген пікір қазіргі кезде де маңызын жойған жоқ. Бүгінгі басқосудан көпшілік соны аңғарғандай. Көгілдір экраннан барлық жаңалық-хабарларды көре бермейміз. Бірақ, алпыс жылға жуық жанымызға рухани серік еткен облыстық, аудандық газеттерді асыға күтіп отырамыз. Өңірдегі жағымды жаңалықтарды, өмірдегі өзгерістерді, шешілмеген түйінді мәселелерді газет арқылы біліп жатамыз.

adamgershilik ajnasy

Биыл облыстық, республикалық сегіз газет-журналға жазылуға ынта білдіргенмін. Жазылу үшін аудандық пошта бөлімшесіне бірнеше рет барып, жазыла алмадым. Түрлі себептер айтылады. Ал, ниеті бар адамдарға осылай қызмет көрсетсе, жазылған газеттеріңді пошташы уақытында жеткізбейтін болса халықтың орынды реніші тумай ма?

«Қазпошта» АҚ облыстық бөлімшесі басшылары осы жағын қатаң ескеруі керек, — деген Мәндірғали ақсақал газетте сынның болғанын, бірақ, сол сынның шын болғанын, экономиканың түрлі салаларында қажырлы еңбегімен ел құрметіне бөленіп жүрген қарапайым жандардың іс-тәжірибесін тарату, сөйтіп, кейінгі толқын жастарға оларды үлгі-өнеге ету жағын да журналист-тілшілердің ескеріп отырғанын қаперледі.

ҮНДЕУГЕ ҮН ҚОСТЫ

Газетте жазылу науқаны басталған тұста елімізге белгілі кәсіпкер-меценат, қоғам қайраткері «Концерн TNS– group» заңды тұлғалар бірлестігінің президенті Төкен Танаұлы Жұмағұлов облыс кәсіпкерлеріне Үндеу (11.10.2019 ж.) жариялағаны белгілі. Онда ол аймақтағы 60 мыңға жуық шағын және орта бизнес саласында қызмет етіп жүрген әріптестерін «Атырау» газетінің таралымын өсіріп, ұлттық құндылықтарымызды, тарихымыз бен әдебиетімізді, өнеріміз бен тілімізді сақтап қалуға шақырған болатын.

bilimge lajk2

Жиында махамбеттік кәсіпкер, газетіміздің байырғы жанашыры, республикалық «Жомарт жүрек» сыйлығының иегері Жеңісбай Досқайыров жылдағы дәстүр бойынша келер жылы да Ақтоғай ауылында тұратын аз қамтылған отбасылардың бір тобын «Атырау» газетіне бір жылға жаздыруға қаржылай көмек көрсететіндігін (1-бетте жарияланып отыр) мәлімдеді.

«ҚЫЛМЫС ХРОНИКАСЫ» КӨРІНСЕ…

Ақтоғайлық қаржы саласының ардагері Қажымұрат Батанов та пошта қызметіне өкпесі қара қазандай екендігін жасырмады. Ол бұрын газет бетінде өңірде болып жатқан ірілі-ұсақты қылмыстарды жариялап тұратын «Қылмыс хроникасы» айдарын қайта жаңғыртса деген тілегін жеткізді. Оның ойынша, бұл облыс көлеміндегі криминагендік ахуалды тұрақтандырып, қылмыс атаулымен күрестің пәрменділігін арттыруға септесер еді. Құптарлық пікір.

ОҚЫРМАНДАР ҰСЫНҒАН АЙДАРЛАР

Басылымның тұрақты оқырманы Ардақ Сүндетұлы болашақта басылым беттерінде Ауған соғысының ардагерлері, сұрапыл майданда «Қара майор», «Айбарлы» аттарымен жауының үрейін ұшырып, қаруластарының мақтанышына айналған әйгілі командир Борис Керімбаевтың, «Қызыл жұлдыз» орденінің иегері, атақты «Қар операциясына» қатысып «Коко» есімімен танымал болған полковник Байғали Қоқымбаевтың соғыстағы ерлік жолы туралы естеліктер жазылса, оларды «Халық қаһарманы» атағына ұсынудың шараларын алуға газет бастама көтерсе деген ұсынысын айтты.

– Жастарды қарапайым еңбек адамдарының өнегелі өмірі де қызықтырмай қоймайды. «Атыраудың» бетінде «Біздің елдің жігіттері» деген жаңа айдар ашып, намысшыл, өршіл рухты, ұлтына үлгі боларлықтай замандастарымыздың келбетін көрсек дейміз. Сондай-ақ, облыстағы шетелдік мұнай өндіруші компаниядағы орын алған келеңсіздік астарында не жатыр?

san

Мұндағы қазақстандық жұмысшылардың әлеуметтіктұрмыстық жағдайлары бүгінде қалай шешілуде? Осыған байланысты журналистік зерделеу, сараптамалық материалдары жарияланып тұрса артық болмас еді, — деген Ардақтың орынды пікірін серіктестік пен басылым басшылығы да қолдайтындығын білдірді.

Баспасөздің қоғамда және ақпарат таратушы, қоғамдық пікір қалыптастырушы құрал ретінде қаншалықты маңызды орынға ие екендігіне тоқталған таңдайлық әріптесіміз Қадыржан Қазымбекұлы газетті өзінің жан серігі, жаратылысы нан шындықтың айнасы, адамгершілік пен ізгіліктің үлгісі деп ұғынады.

– Әдебиет әлеміне құштар, тым тәуір өлең шығаратын, прозаға бейім жас таланттардың шығармашылығын насихаттауды да кенже қалдырмасаңыздар екен. Туған жердің тарихы, бишешендердің ұрпағымызға қалдырған аталы, баталы сөздері мен баһадүр батырларымыздың өмірі мен ерліктеріне қатысты жастардың намысын оятып, оқырман жүрегін жаулап аларлықтай дүниелер жарияланып тұрса ғанибет емес пе?

burymdy kyz

Халық арасында «Газеттің өзі бір күндік, сөзі – мың күндік» деген нақыл бар. Міне, соңында мың күндік мақалалар қалдырып, талай асудан асып, толайым биіктерді бағындырған байырғы басылымның алдағы уақытта да абырой-мәртебесі арта берсін,- деді ол.

Махамбет аудандық білім беру бөлімі басшысы Айгүл Сұлтанғалиева газеттің арнайы «Педагог» қосымшасын ашқанын құптайтындығын айта келіп, мұғалімдердің озық істәжірибесі жарияланып тұрғанын, ортақ пікір алмасу алаңына айналғанын қалайтындығын атап айтты.

Ал, аудандық жастар ресурстық орталығының жетекшісі Жандос Дүйсембаев «жас отбасылардың тұрғын үймен қамтамасыз етілуі үшін соңғы кездері көптеген оңды қадамдар жасалуда. Соны халыққа сараптамалық түрде түсіндіріп тұрудың мәні ерекше. Осы жағына көбірек көңіл бөлінсе екен. Сондай-ақ, ауыл жастары өз кәсібін ашқысы келеді. Бұл да – газет көтерер үлкен мәселенің бірі» деп өзінің көкейкесті тілегін ортаға салды.

1

Махамбеттік оқырмандардың ойы тоғысқан басқосуда айтылған ұсыныстар мен көтерілген мәселелерге қатысты туындаған сұрақтарға «Атырау-Ақпарат» ЖШС директорының орынбасары Ысқақ Егембердиев пен облыстық «Атырау» газетінің бас редакторы Исатай Балмағамбетов жауап беріп, кездесуді қорытты. Рас, соңғы жылдары газет көтерер тақырыптардың да аясы өте кеңи түсті.

Басылым қоғамдық-саяси, әлеуметтік мәселелермен қатар, білім, өнер, мәдениетке де ерекше назар аударады. Оқырмандарға ой саларлықтай түрлі айдарлары да айшықты. Өңір жаңалықтарын айна-қатесіз шежірелеумен қатар, жастар саясаты, отбасындағы бала тәрбиесі, жас ұрпақты отансүйгіштікке баулу жөніндегі үлкен тақырыптарды да жиі көтеріп отырады. Мемлекет мүддесін, халық игілігіне қызмет етуді мақсат тұтқан «Атырау» журналистері кейінгі буынға тәлімгерлік танытудан бір айныған емес.

Бақытжан ЖҰМАТ,

Суреттерді түсірген:

Ерлан АЛТЫБАЕВ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button