whatsapp image 2019 12 13 at 16.26.52

Атыраулықтар тағы да үздіктер қатарында

Жаңалықтар

Atr.kz/13 желтоқсан, 2019 жыл. Нұр-Сұлтан қаласында Қазақстан Республикасы ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің ұйымдастыруымен «Жомарт жүрек» сыйлығы өтті.


«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында туған жерінде ірі әлеуметтік жобаларды іске асырғаны үшін, аз қамтылған, көп балалы жанұяларға, ата-ананың қарауынсыз қалған жетім балаларға, мүгедектерге қайтарымсыз көмек көрсеткені үшін бір топ жомарт жандар марапатталды.
Атыраулық Табылдиев Ерлан Хисметұлы «Жыл меценаты» аталымында лауреат атанса, «Жүректен жүрекке» қоғамдық қоры «Жылдың үздік ұйымы» аталымында жеңімпаз боп танылды.
Ерлан Табылдиев  – «GazStroyMontazhKz» ЖШС құрылтайшысы 2019 жылы Атырау қаласындағы «Мұнайшы» стадионының алаңын толықтай жаңартып және жастар үшін скейт саябағын салып берді. Сонымен қатар, отбасылық жағдайы төмен жанұядан шыққан екі студентке Х.Досмухамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінде тегін білім алуға жағдай жасап отыр.
Одан бөлек Атырау облысы жауынгерлік өнер ассоциациясын басқара отырып, спортшыларға үнемі қолдау көрсетіп келеді.
«Жүректен жүрекке» қоғамдық қоры 2013 жылы ерікті жастардың бастамасымен құрылды. Осы уақыт аралығында қор 20-ға жуық қайырымдылық акциясын, 50-ге жуық қайырымдылық жәрмеңкесін ұйымдастырып, көпбалалы аналарға, дертке шалдыққан сәбилерге, балалар үйі мен қарттар үйіне көмектесіп келеді. 
Бұдан бөлек, «Жүректен жүрекке» бес ірі әлеуметтік маңызы бар жобаны жүзеге асырды. Солардың бірі  – «Billim For All» жобасы. Жоба аясында көпбалалы және мүмкіндігі шектеулі бала тәрбиелеп отырған аналарды, әлеуметтік осал топқа жататын отбасы мүшелерін кәсіпке баулып, 700-ге жуық маман дайындап, кейбіреуінің өз кәсібін ашуына, жұмысқа орналасуына себепкер болды. 
Қазіргі уақытта сенімгерлік басқару бойынша 424,4 шаршы метр ғимаратты күрделі жөндеуден өткізіп, «Венера» инклюзивті дамыту орталығын іске қосты. Орталықта 3-15 жас аралығындағы мүмкіндігі шектеулі балаларды инклюзивті бағытта қолжетімді бағада дамыту жұмыстары жүргізіледі. Сондай-ақ, «Марс» қолөнер шығармашылық шеберханасын ашты. Онда 16 жастан асқан мүмкіндігі шектеулі жандарды кәсіпке баулып, еңбекке араластырып, қоғамға қосуға жұмыстанып келеді.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған