Атыраулықтар шоқыну мерекесін қалай атап өтті?
Атырауда православиелік христиандар Шоқыну мерекесін атап өтті.
Бірақ биыл коронавирустық инфекцияның өршуі мен эпидемиологиялық жағдайдың нашарлауына байланысты аталмыш мереке дәстүрлі шомылусыз өтті. Бұл туралы облыстық төтенше жағдайлар департаментінің «Қоғаммен байланыс тобы» хабарлады.
18 қаңтар күні сағат 22.00-ден бастап, 19 қаңтар сағат 00.00-ге дейін облыстық ТЖД қызметкерлері су алу орындарында кезекшілік етті. Олар тұрғындарды кем дегенде 1,5-2 метр әлеуметтік арақашықтықты сақтауға шақырды.
Атыраудағы Успен шіркеуінің қызметкері Михаил Соколовтың айтуынша, бұл күні суға түскендердің жасаған күнәлары кешіріледі деген сөз емес. Бұл үшін үлкен сенім керек. Сондықтан өзге ұлт пен наным-сенім өкілдері үшін бұл тек денсаулық нығайтудың бір жолы.
«Шіркеуге тек шынайы дін ұстанушылар келсе, ал, мұздай суға кез келген адам шомыла алады» дейді ол.
Амандық АБДОЛ