
Атыраулықтар миллион теңгелік жүлде үшін жарысуда
Еліміздің 9 қаласында – Астана, Алматы, Ақтау, Атырау, Қостанай, Қызылорда, Орал, Өскемен, Семейде – қазақша куизден ұлттық чемпионаттың алғашқы кезеңі өтті. Бұл еліміздегі интеллектуал ойындар саласындағы ең ауқымды жарыстардың бірі болып отыр, — деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.

Жарысқа 108 команда қатысып, жалпы 1000-нан астам ойыншы өз білімдерін сынады. Бұл туралы astananews.kz жазады. Қатысушылар эрудиция мен логикаға негізделген сұрақтарға жауап беріп, командалық жұмыстың маңыздылығын көрсетті. Барлық қалаларда бірдей сұрақтар қойылып, әділ жарыс қамтамасыз етілді.
Бұл чемпионат елімізде алғаш рет ұйымдастырылып отыр. Жоба аясында әр қалада түрлі куиздер өткізген жергілікті ұйымдастырушылардың басы біріктіріліп, ұлттық деңгейдегі ауқымды зияткерлік сайыс құрылды.
Айта кетейік, аталған шараның Атыраудағы ұйымдастырушысы – журналист Дәурен Мақым.
Чемпионат қалай өтеді?
— Ойындар ай сайын өткізіледі.
— 5 кезеңнен кейін рейтинг бойынша үздік командалар Астанада өтетін финалға жолдама алады.
— Финал жеңімпаздары 1 000 000 теңге жүлде қоры үшін сайысады.
— Әр ойынның үздік командалары арнайы сыйлықтармен марапатталады.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл чемпионат – интеллектуал ойындар мәдениетін дамытуға жасалған үлкен қадам. Жоба қазақ тілінде сапалы әрі қызықты куиздерді қалыптастыруға және білімге құштар жандарды бір алаңға жинауға бағытталған.
Сәуле МАҒАУ