Атыраулықтар Фариза ақынды еске алды
Фариза Оңғарсынова қолына қалам ұстаған қазақтың қыз-келіншектерін айналасына жинап, жылы сөздерін, тиісті ақыл-кеңестерін аямайтын. Бүгін ақынның шәкірттері, артынан ерген сіңлілері, атыраулық ақын,жазушылар мен зиялы қауым өкілдері поэзия падишасы Фариза Оңғарсынованың ескерткішіне тағзым етіп, құрмет көрсетті.
Көрнекті ақын, белгілі Мемлекет және қоғам қайраткері, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Қазақстанның Халық Жазушысы Фариза Оңғарсынқызының дүниеден озғанына10 жыл толуына орай гүл шоқтарын қою рәсімі кезінде ақынның курстасы, филология ғылымдарының докторы, профессор Қадір Жүсіп «асқақ рухты ақын еді» деп еске алды.
— Фариза дара дарын иесі болатын-тұғын. Әр туындысымен оқырман жүрегін еріксіз жаулап, баурап алатын. Оның шығармаларының ерекшелігі сол, өлеңдерінде өрлік мінез, ерекше рух байқалады. Ол қашан да шындықты, әділдікті ту етіп өтті. Фариза қазақ поэзиясына көп жаңалық алып келді. Ол-қазақ поэзиясындағы Жанна Д, Арк.
Ертеректе ерлер поэзиясы, әйелдер поэзиясы деп араға шекара қойылған еді. «Поэзияда айырмашылық болмау керек, поэзия ерлерге де, әйелге де ортақ» деп қытай қабырғасын тұңғыш рет бұзған Фариза Оңғарсынқызы еді. Ол алғашқы қалам ұстаған сәттен бастап өле-өлгенше, қара жердің қойнына кіргенше халқының құрметіне бөленді. Фариза өзінің өмір тірлігінде де дәл осы биікте тұрды, дәл осы дәрежеде болды. Өлеңде де өзінің биігінен төмендеген жоқ,- дей келе қазақ поэзисының падишасына деген құрметін жеткізді.
Расында, уақыт өткен сайын шын шығармашыл өкілдерінің есімдері ғасырлардан асып өмір сүріп, ұрпақтан-ұрпаққа беріле береді. Өйткені, тау алыстаған сайын жақындай түседі… Ал, Фариза ақын өзінің ұлы даланың перзенті, дархан даланың ұлағатты қызы, асқақ рухты ақын екенін дәлелдегелі қашааанннн!
Рита ӨТЕУҒАЛИ,
Суреттердітүсірген Ерлан АЛТЫБАЕВ