Атыраулық жас таланттар Халықаралық конкурста топ жарды
Атырау облысы әкімдігінің қолдауымен мемлекеттік шығармашылық тапсырыстар аясында еңбек етіп жатқан «Алтын Жұматина» өнер мектебі және «Қарақат» мектеп студиясы Қырғызстанда өткен «Zhuldyz Art Kazakhstan» Халықаралық байқауынан бас жүлдемен оралды. Бүгін, 8 шілдеде атыраулықтар Қазақстан теміржолы Атырау вокзалынан жүлдегерлерді сән салтанатпен, ерекше ықыласпен күтіп алды.
Халықаралық байқауға Қырғызстан мен Қазақстанның түкпір-түкпірінен мыңнан астам өнерпаз қатысты.
«Қарақат» мектеп студиясының басшысы Эльвира Батырқызының айтуынша, байқауға дәстүрлі ән сыныбында оқитын, домбырамен ән салатын 20-дан астам оқушы қатысты.
Байқауда ұжымның үлкен және кіші тобы сынға түсті. Өнерді жан-тәнімен сезінетін жас талант иелері байқауда дәстүрлі ән ұсынып, қазылар алқасын тәнті етіп, көрерменнің айрықша қошеметіне бөленді.
–Аталмыш байқауға қатысқан оқушыларымыздың барлығы да осыған дейін талай байқауларда бас жүлдені бермей келе жатқан шын жүйріктер. Байқау ережесіне сәйкес, жас ерекшелігіне сай үлкен және кіші топ болып өнер көрсеттік. Қатысушылардың бәрі де «сен тұр, мен атайын» деген кіл жүйріктер. Дегенмен асығымыз алшымыздан түсіп, оқушыларымыз үлкен топ бойынша бас жүлдені еншілесе, кіші топ арасынан І орынды иеленді. Сонымен қатар жеке орындауда да оқушыларымыз топ жарып, олжалы оралды, — дейді Эльвира Батырқызы.
«Алтын Жұматина» өнер мектебінің оқушылары да байқауға домбыра, дәстүрлі ән, вокал жанры бойынша бақ сынап, бас жүлдеге ие болды. Аталмыш өнер мектебінің басшысы Алтын Жұматинаның сөзінше, бас жүлдені жеңіп алған мектеп ұжымы қазан айында Түркия елінде өтетін Халықаралық байқауға жолдама алған.
–Иә, жарыс өте жоғары деңгейде өтті. Бақ пен бап қатар шауып, оқушыларымыз үмітті ақтады. Сонымен қатар бұл жеңіс талантты шәкіртті тәрбиелей білген ұстаздардың да тынымсыз еңбегінің нәтижесі деп білемін, — деді А.Жұматина.
Жайна МӘЛІМҚОЖА
Қырғыз елінде Ыстықкөлде өткен Халықаралық “Жұлдыз арт” байқауында Алтын Жұматина өнер мектебінің оқушылары үлкен додада бақ сынап, Бас жүлдені иеленді. Байқауға Қазақстанның түкпір жерінен келген талантты жастар өз өнерлерін паш етті. Конкурс жоғары дәрежеде ұйымдастырылған. Шәкірттеріме өнердің биік шыңдарынан көрінуін тілеймін. Басшымыз Жұматина Алтын Аманқосқызына, ата аналарыма рахмет! Отбасыларыңызға амандық, шығармашылық табыстар тілеймін!
Құрметпен: Забиханова Айнаш Юрьевна
Мыкты