Атыраулық жалғызбасты қарттар мен ардагерлер шипажайда тегін ем алады
Республика күні қарсаңында облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы мен «ТШО» ЖШС және «Атырау»Санаторийі» АҚ арасында үш жақты келісім-шартқа қол қойылды, деп хабарлайды Атырау облыстық Өңірлік Коммуникациялар қызметі.
Келісім-шарт негізінде облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы облыстағы 100 жалғызбасты қарт пен ем-домды қажет ететін зейнеткердің тізімін жасақтайды.
-Қарттарға қамқорлық көрсету мақсатында жалғызбасты және әлеуметтік жағдайы төмен отбасындағы қарттар мен ардагерлерге жергілікті шипажайға жолдама беруді жөн көрдік. Себебі өзге аумақтағы курорттық шипажайларға барудан көп жағдайға егде жастағылар бас тартады. Осыны ескеріп, «Атырау» шипажайы басшылығымен «ТШО» компаниясына ұсынысымызды білдірдік. Олар ұсынысты қабылдап, 100 жолдамаға қаржы бөлетін болды. Осындай мүмкіндікке жол ашқан «Атырау» шипажайы мен «ТШО» ЖШС-не алғысымызды білдіреміз, деді басқарма басшысы Азамат Мәмбетов
Тегін жолдама аясында ем қабылдаушылар қажетіне қарай, балшықпен және парафинмен емделіп, минералды ванна, физиотерапия, емдік массаж және галотерапия (тұз бөлмесі) сияқты процедуралардан өтеді. Сондай-ақ төрт мезгіл тамақ пен бір стандартты бөлме қарастырылған.
— Біз қала және облыс тұрғындарына қолдау көрсеткенімізге қуаныштымыз. Аға буын лайықты демалысын жақсы өткізеді деп сенеміз. Айта кетейік біздің компания үшін Жылыой ауданы ерекше маңызға ие, өйткені компанияның өндірістік қызметі осында. Сондықтан қолға алынған іс-шараны қуана-қуана қолдап, жолдаманың көп бөлгін жылыойлықтарға беруді ұсындық. Жалпы ТШО компаниясы әлеуметтік бағдарламаларды жүзеге асыруға ерекше көңіл бөледі, деді Теңізшевройл» ЖШС-нің қоғаммен және үкіметпен байланыс жөніндегі бас менеджері Дәрмен Аронов.