Атыраулық Зарина – Әлем чемпионы (+ФОТО)
Atr.kz/19 тамыз, 2019 жыл. Атыраулық 9 жасар шахматшы қызымыз Зарина Нұрғалиева Белоруссия елінің астанасы Минск қаласында 8-12 жас аралығындағы ойыншылар арасында өткен Әлем чемпионатында жергілікті спорт тарихында болмаған табысқа кенеліп, шахматтан өңірімізден шыққан тұңғыш Әлем чемпионы атанды.
Осыған дейін Азия чемпионатында екі жыл қатарынан алтыннан алқа тағынған Зарина 34 елден жиналған 750 шахматшы бақ сынаған әлемдік додада 10 жасқа дейінгі қыздар жарысында алдымен шахматтың «блиц» түрінде өнер көрсетіп 8 орыннан көрінсе, ертеңіне «рапид» түрінен болған бәсекеде тоғыз ойынның сегізінде жеңіске жетіп, ұпай саны бойынша қарсыластарының алды болды. Осы арқылы қаршадай қызымыз көк туымыздың көкке көтеріліп, әнұранымыздың аспанда әуелеуіне себепші болды. Саңлағымызды бұл сынға белгілі жаттықтырушылар Жәнібек Аманов және Сабырбай Гайсин дайындапты.
Ал, осы біріншіліктің негізгі қорытындысында қазақстандықтар бір алтын, бір күміс, бір қола иемденіп, жалпыкомандалық есепте үшінші орын алды. Чемпион қызымыз осы әлем чемпионатының «классика» түріндегі бәсекелерін Қытай елінде жалғастырады.
Мұратбек ЖАҢАБАЙ