Жарнама
Жаңалықтар

Атыраулық студент республикалық байқауда «Үздік деректі фильм» аталымын жеңіп алды

Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің ІІ курс студенті Сәнім Марат республикалық деңгейде өткен шығармашылық байқауда топ жарып, «Үздік деректі фильм» номинациясын жеңіп алды. Бұл жетістік – жазушы, баспагер, этнограф Зейнолла Сәніктің туғанына 90 жыл толуына орай ұйымдастырылған дәстүрлі «Зейнолла Сәнік оқулары» байқауының нәтижесінде белгілі болды. Аталмыш іс-шара әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Журналистика факультетінің «Баспагерлік-редакторлық және дизайнерлік өнер» кафедрасының бастамасымен студенттер мен магистранттар арасында ұйымдастырылған.

Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университеті баспасөз қызметінің хабарлауынша, байқауға қатысушылар «Үздік баспасөз материалы», «Үздік ғылыми жұмыс», «Үздік деректі фильм», «Дизайн өнерінің үздік туындысы» деп аталатын төрт түрлі номинация бойынша бақ сынады.

Атырау университетінің журналистика және қоғаммен байланыс кафедрасының студенті Сәнім Марат «Парасат биігі – Зейнолла Сәнік» атты деректі фильмімен үздіктердің қатарынан табылып, кәсіби мамандар мен ғылым докторларынан құралған қазылар алқасының жоғары бағасына ие болды.

– Бұл менің – республикалық байқауға алғаш рет қатысуым. Бір айға жуық уақыт бойы кейіпкердің шығармашылығымен танысып, ол туралы зерттеулерді мұқият оқыдым. Атырауға Зейнолла Сәніктің 90 жылдығына орай Қазақстан Жазушылар одағының ұйымдастыруымен келген экспедиция – деректі фильмге қажетті сұхбаттарды жазып алуға үлкен мүмкіндік берді. Елге белгілі тележурналистер мен жазушылардан құралған қазылар алқасының еңбегімді жоғары бағалағанына қатты қуандым. Осы жеңіс – маған үлкен шабыт беріп, зор жауапкершілік жүктейді, — дейді жеңімпаз Сәнім Марат.

Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің ұжымы шығармашылық байқаудың жоғары деңгейде өтуіне атсалысқан әл-Фараби атындағы ҚазҰУ журналистика факультетінің деканы Қанат Әуесбайұлына, кафедра меңгерушісі, ф.ғ.д. Айгүл Рамазановаға және байқаудың бас демеушісі «Зейнолла Сәнік» атындағы мәдениет қорына шынайы алғысын білдіреді.

Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА

Суреттерді түсірген Дәурен МАҚСҰТХАНҰЛЫ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button