Атыраулық спортшылар 4 алтын иеленді
Atr.kz/17 ақпан, 2020 жыл. «Атырау» спорт кешенінде спорттық және жауынгерлік самбодан ерлер мен әйелдер арасында Қазақстан Республикасы чемпионаты өтті. Үш күнге созылған додаға еліміздің барлық өңірінен 365 спортшы қатысты. Олардың арасында бірнеше Әлем және Азия чемпиондары да болды.
Спорттық жарыстың ашылу салтанатында «Nur Otan» партиясы Атырау облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Нұрлыбек Ожаев сөз алып, сайысқа шығар сайыпқырандарға сәттілік тіледі. Ал, самбо күресінен мемлекеттік жаттықтырушы Қаймен Есендияров қазіргі таңда самбо күресінде бәсекелестік деңгей өте жоғары екенін ерекше атап өтті.
Жарыстың бірінші күнінде жауынгерлік самбо түрінен 57 келі салмақта сынға түскен жерлесіміз Серікжан Түсіпов әр кездесуінде жасындай жарқылдап, ақтық сында тағы бір атыраулық спортшы Рамазан Ибатолланы ұтты. Ал, Хамария Әмірғалиева (48 келі) мен Абылай Түгелбаевтар (68 келі) қола жүлдеге ие болды.
Ертеңіне спорттық самбо түрінде 57 келіде Айдынбай Қайырберді қарсыластарынан басым болып, алтын жүлдеге ие болды. Осы күні жерлесіміз Наурызбек Майлашев та ақтық сынға жетіп, жеңіске сынық сүйем қалғанда ғана сүрінді.
Үшінші сайыс күнінде қос бірдей балуанымыз жеңіс тұғырының биік сатысынан көрінді. Спорттық самбодан 62 келі салмақта халықаралық дәрежедегі спорт шебері, Азия чемпионы Парасат Жұмабайға қарсы тұрар тұлға табылмаса, жауынгерлік самбодан Еркебұлан Қуанғалиев 52 келі салмақта қарсыластарынан оқ бойы озып шықты. Осы салмақта тағы бір жерлесіміз Әлібек Ибатолла қола жүлде еншіледі.
Осылайша, өз жерімізде өткен сайыста саңлақтарымыз 4 алтын, 2 күміс және 3 қола еншіледі. Айта кетсек, былтыр Семей қаласында өткен ел чемпионатында спортшыларымыз 3 алтын және 1 қола медаль иеленген болатын.
Мұратбек ЖАҢАБАЙ