Жарнама
ЖаңалықтарҚоғам

Атыраулық сарбаздар ант берді

Atr.kz/4 наурыз, 2020 жыл. Атыраудағы «ҚР Қорғаныс министрлігі әскеритехникалық мектебінің» сарбаздары әскери ант қабылдады. Қырық күндік жауынгерлік курсты тәмамдаған тәрбиеленушілерге арнайы сертификат пен әскери билет табысталды.

Іс-шарада мемлекеттік Гимн шырқалып, еліміздің Қорғаныс министрлігіне қарасты Атырау әскеритехникалық мектебінің директоры Рымбек Турсагатов сарбаздарға сын сағатта сыр бермей, Отан алдындағы асыл парыздарын абыроймен атқаруға тілек білдірді.

– Мұнда білім алғандар сертификатқа ие болады. Соны
жергілікті қорғаныс бөліміне апарып, әскери билет алған соң әскери бөлімшелерге немесе құқық қорғау органдарына келісім-шартпен жұмысқа орналасуға болады,- деді ол.

Бұдан кейін сарбаздар Отанына адал қызмет етіп, Конституция мен басқа да барлық заң талаптарын орындауға ант берді. Ендеше, сенімге селкеу түсіруге болмас. Сарбаздар соны ұғынғандай болды. Аталған мектеп түлектерінің қатарында Атырау қаласынан бөлек Маңғыстаудан келгендер де бар екен. Олардың әскери өмірге әбден үйреніп, темірдей тәртіпке төселгендері байқалып тұр. Ерте оянуға дағдыланған оларға сап түзеу, жауынгерлік қарудан ату секілді тапсырмалар таңсық емес.

Тағы бір айта кететін жайт, бұл жерде 24 жастан асқан азаматтарға 263 мың теңге төлеп әскери билет алуға мүмкіндік бар. Яғни, жас шамасына шектеу қойылмайды. Сонымен қатар, сарбаздар үшін барлық жайлы жағдай жасалған. Мысалы, жақсартылған казармалық үйжай, монша-кір жуу кешені, жеке-тәрбие жұмыстарын жүргізуге арналған бөлмелер, демалу клубы, ыңғайлы да заманауи киім-кешектер мен азық-түліктің мол ассортименті сөзімізге дәлел.

Гүләлия ИГІЛІКОВА

http://atr.kz/bez-rubriki/atyrau-oblysyny%d2%a3-%d3%99kimdigi-chat-kanalynda-16-my%d2%a3daj-adam-bar/

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button