
Атыраулық құтқарушылар Жайыққа батып бара жатқан әйелді аман алып қалды
Бүгін, 18 маусым сағат 20:35 шамасында, Атырау қаласындағы Орталық көпірдің тұсында Жайық өзенінде төтенше жағдай тіркелді. Белгісіз жағдайда суға батып бара жатқан әйел адамды көрген тұрғындар дереу құтқару қызметіне хабарлаған.
Облыстық төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің хабарлауынша, шақырту орнына жедел жеткен департаменттің жедел-құтқару жасағының қызметкерлері Арман Бақытжанұлы мен Жеңіс Жолмұханов оқиға орнына дереу кірісіп, әйел адамды судан аман-есен алып шықты.
Құтқару сәті су айдындарындағы қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған профилактикалық рейд барысында орын алды. Құтқарылған адам медициналық көмекті қажет етпеді, жағдайы бірқалыпты.
Бұл жағдайға байланысты сала қызметкерлері қала тұрғындары мен қонақтарын судағы қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтауға шақырады.
А.НӘСІПҚАЛИҚЫЗЫ