Атыраулық Қанат Сейілхан Еуропа кубогінің жүлдегері атанды
Atr.kz/21 ақпан, 2020 жыл. Австрияның Оберварт қаласында дзюдодан ерлер арасында өткен Еуропа кубогіне қатысқан атыраулық Қанат Сейілхан қола жүлдегер атанды.
Кәрі құрлықта өткен байрақты бәсекеде 60 келіге дейінгі салмақта белдескен жерлесіміз жарыс жолында алты кездесу өткізіп, оның бесеуінде жеңіске жетті. Жартылай финалға дейінгі кездесулерінде белін бермеген Қанатты боз кілемде тек ресейлік Иван Долгих тоқтатты.
Осыдан соң ол, жұбаныш кездесуін өткізуге мүмкіндік алып, татамиде бразилиялық балуан Эрик Такабатакені иппонмен жеңді. Бұл жеңіс оған үшінші орын үшін күресуге мүмкіндік берді. Қола жүлде жолындағы белдесуде моңғолиялық Сумябазар Энхтайванмен тайталасып, тартысты кездесудегі «голден скорда» вазаримен жеңіп кетті.
– Еуропа ашық кубогіне дайындығым өте жақсы болды. Алайда, бұйырғаны – қола медаль. Жартылай финалда ресейлікке есе жібердім. Бұл жекпе-жекте маған тәжірибе жетіспегендей көрінді. Дегенмен, үздіктер қатарынан көріну маған қосымша күш беріп, сенімділік сыйлады. Үлкен жеңістерім әлі алда деп сенемін, — деді Қанат Сейілхан.
Мұратбек ЖАҢАБАЙ