Жарнама
ЖаңалықтарМәдениет

Атыраулық қаламгерлердің туындысы «Яндекс» платформасына енді

Биыл өңір руханияты үшін табысты жыл болмақ. Әсіресе жергілікті қаламгерлердің туындыларын дүние жүзіне таныту бағытында іргелі істер атқарылмақ. Енді Яндекс платформасы арқылы әлемнің қай түкпірінде болса да қандастарымыз атыраулық ақын-жазушылардың шығармаларын тыңдап, таныса алады. Бұл туралы Жазушылар Одағы Атырау облыстық филиалының төрағасы Әлия Дәулетбаева айтты. Сондай-ақ филиал мен Ғ.Сланов атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасымен тығыз байланыс орнатып, бірлесіп жұмыс істеу мақсатында Меморандумға қол қойылды.

Әлия Дәулетбаеваның айтуынша, былтыр филиалдың ұйытқы болуымен жүзеге асқан шаралар аз емес. Ал, өңір қаламгерлерін басқосудағы басты мақсат – мемлекет басшысының саясатын, әсіресе кітапхана ісі мен қазақ әдебиетіне деген жылы көзқарасын пайдаланып, дер кезінде ортақ мүддені қорғау. Сондай-ақ кейбір ақын-жазушылардың беделі, қоғамдағы орны бағытындағы мәселелерді талқылау.

 – Атырау облысында Қазақстан Жазушылар Одағының 30-дан астам мүшесі бар. Былтыр филиал бастамасымен бірнеше шара ұйымдастырылды. Соның бірегейі – өңірлік қаламгерлер сайтын ашу болатын. Атап өткен жөн, сайт аймақтық филиалдар арасында бізде ғана бар. Оған жергілікті ақын-жазушылардың электронды кітаптары жүктеліп, жаңалықтар жарияланып келеді. Оған қаламгерлердің ауызбірлігінің арқасында қол жеткіздік, — деп, Әлия Бекежанқызы «Атырау» теледидарымен бірлескен түрде «Муза» тележобасының қолға алынғанын да айтып өтті.

– Атыраулық қаламгерлердің шығармаларын саттыққа шығару үшін «Аrizar» сауда желісімен меморандум жасалды. Өкінішітісі сол, жазушылардың туындылары шектеулі данамен ғана таратылуына байланысты тұсаукесерден артылмай қалып жатады. Демек бұл іске де оң көзқарас енді қалыптасып келе жатыр. Сондықтан, оның орны толады деген ойдамыз. Ақын-жазушының беретін бір ғана өнімі бар: ол – кітап. Оның үстіне, оларды даярлайтын институт жоқ. Сондықтан, бұл — қолдауды, қорғауды қажет ететін сала деп ойлаймын. Филиал жетекшісі Одақ құрамына жергілікті дарынды жастарды тарту мақсатында бірнеше жас қаламгердің кітабын шығару үшін «AMANAT» партиясымен Меморандум жасалғанын жеткізді. Санаулы күндерден кейін атыраулық жас ақын-жазушылардың туындылары оқырман қолына тимек. Басқосу барысында Ә.Дәулетбаева биыл атқарылатын іс-шаралардың негізгілеріне тоқталды. Ең бастысы, поэзия падишасы Фариза Оңғарсынованың 85 жыл толуына және дүниеден өткеніне 10 жыл толуына орай бірнеше ісшара ұйымдастырылмақ.

– Қазақ әдебиеттану ғылымының дамуына зор үлес қосқан Қабиболла Сыдиықовтың, Нарынның наркесені – Нұралы Әжіғалиевтің 90 жылдық, Берқайыр Аманшиннің 100 жылдық тойларын атап өту жоспарда бар. Өңір руханиятының өркендеуіне үлес қосқан жергілікті қаламгерлер Төлеген Жаңабайұлының 80 жас, Өтепберген Әлімгерейұлының 75 жас, Таңатар Дәреловтың 70 жас мерейтойлары да биылға межеленген мерекелік шаралар. Әрине, жазушылар жазумен ғана айналысады. Филиалдың міндеті де солардың имиджін қолдау, — деді Әлия Дәулетбаева.

Кең таралған «Алиса» жүйесі арқылы өңірдегі 30-ға тарта қаламгердің шығармалары аудиокітап түрінде таратылады. Нақтырақ айтсақ, «Яндекс» платформасы арқылы атыраулық ақын-жазушылардың аудиокітаптарын Моңғолия, Ресей, тіпті Америкадағы қандастарымыз да еркін тыңдай алады. Ол үшін тиісті құрылымдармен арнайы келіссөздер де жүргізілген. Тағы бір жағымды жаңалық – Рахымжан, Жұмекен сынды аға буынның ізі мен ісін жалғап келе жатқан жас прозаик, жерлесіміз Бақытгүл Сәрмекованың туындылары Халықаралық Букер сыйлығына ұсынылып отыр.

– Қыс айларында облыстағы іргелі білім ордаларында арнайы кесте бойынша жергілікті қаламгерлер жастармен кездеседі. Өйткені, әдебиетші де ағартушы. Оның үстіне әлеуметтік желі үстемдік еткен уақытта жас ұрпақ пен қазіргі буынның арасындағы кеңістікті толтырып, олармен байланысты қалыптастыру бағытында осындай шаралардың жиі өткені жөн деп есептеймін. Атыраулық жас буын өз елінің дарынды тұлғаларын, ақын-жазушыларын тануы тиіс, — деді жиынды қорытындылаған Ә.Дәулетбаева.

Айбөпе САБЫРОВА

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button