Атыраулық қаламгерлер арнайы сыйлықтарға ие болды
Н.Жантөрин атындағы облыстық филармонияда облыстық мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының қолдауымен, облыстық халық шығармашылығы орталығы және Қазақстан Жазушылар Одағы Атырау өкілдігінің ұйымдастыруымен жергілікті қаламгерлер еңбегін марапаттауға арналған «Қаламгер қуаты» атты әдеби жыл қорытынды кеші өтті.
Сахна төріне көтерілген көрнекті композитор, жазушы, Қазақстанның Еңбек Ері, Қазақстан және Қырғызстан Республикаларының еңбек сіңірген қайраткері Илья Жақанов: — Мәдениет пен әдебиет ұлтты ұлы мұратына жеткізетін көнекөз көшбасшы іспетті. Тарихи жолдар, тағылымды іздер, танымдық шығармалар бәрі де сол бір сырлы әлемнің құраушысындай. Жалпы елімізде, өңірімізде қаламгерлерді қолдау мақсатында көптеген жұмыстар атқарылып жатқаны көңілге қуаныш ұялатады. Әдебиет әлемінде өзінің қайталанбас сүрлеу-соқпағын салған аға буын өкілдері мен олардың ізін басып келе жатқан қалам ұстаған қаршадай жастар қаулап өсуде. Осы жастардың ішінен күні ертең елін-жерін шығармасына басты арқау ететін, жүрегі таза мықты ақын-жазушылар шығарына кәміл сенемін,-деп бес қаламгерді арнайы сыйлықтармен марапаттады.
Жұмекен Нәжімеденов атындағы арнайы сыйлықты ақын, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі Қадір Жүсіп, Марат Отаралиев атындағы арнайы сыйлықты ақын, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі Төлеген Жаңабай, Зейнолла Қабдолов атындағы арнайы сыйлықты ақын, аудармашы, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі Бекет Қарашин иеленді. Ал Хамит Ерғалиев атындағы арнайы сыйлық ақын, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі Таңатар Дәрелұлына, Сәтімжан Санбаев атындағы арнайы сыйлық белгілі балалар ақыны, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі Болат Дәулетовке тиесілі болды.
Облыстық мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының басшысы Әбіл Жоламанов құттықтау сөз сөйлеп, төрт қаламгерге арнайы сыйлықтарды табыстады. Әбу Сәрсенбаев атындағы арнайы сыйлық белгілі ақын, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі Гүлзада Ниетқалиеваға, Меңдекеш Сатыбалдиев атындағы арнайы сыйлық ақын, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі Маржан Ершуге, Фариза Оңғарсынова атындағы арнайы сыйлық ақын, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі Бақытгүл Бабашқа, Есенжол Домбаев атындағы арнайы сыйлық белгілі жазушы, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі Бақытгүл Сәрмековаға ұсынылды. Марапатқа ие болған 9 қаламгерге 500 мың көлемінде қаржылай сый берілді.
Одан әрі сөз алған Қазақстан Жазушылар Одағының Батыс аймақтар бойынша хатшысы және Атыраудағы өкілі Әлия Дәулетбаева өңірімізде ақын-жазушылардың талантын шыңдап, шығармашылық шабыт беру бағытында қолға алынған бірегей жобаларға кеңінен тоқталып, «Үміт» арнайы сыйлығын жас ақындар Асланбек Шығыров пен Арман Жайықбаевқа табыс етті. Қос дарын 250 мың мөлшеріндегі қаржылай сыйды қанжығаларына байлады.
Еркеназ ҚАЛИЖАН
Суреттерді түсірген Ерлан АЛТЫБАЕВ