Атыраулық полицей мұзға түсіп кеткен екі жасөспірімді құтқарып қалды
«Оқиға Атырау қаласында 11 наурыз күні сағат 20:00 шамасында болған» деп хабарлайды Atr.kz
Балықшы ықшам ауданынан шыққан екі жасөспірім мұзға түсіп кеткен. Көмек шақырған дауысты естіген полиция капитаны Асқар Кабдуллаев дереу құтқаруға кіріскен.
Мұздай судан әлсіреген олардың өз күштерімен судан шығуға шамасы келмеген. Екі жасөспірімді де судан аман алып шыққан соң, Асқар Кабдуллаев оларды жақын жердегі өз үйіне апарып, денелерін жылытып, жедел-жәрдем қызметкерлерін шақыртқан.
«Құтқарылғандар Владимир мен Данил. Бірі колледж студенті, екіншісі 8-сынып оқушысы. Ата-аналары құтқарушы полицейге алғыс білдіруде.
Дәрігердердің айтуынша, қазіргі уақытта жасөспірімдердің денсаулығына төніп тұрған қауіп жоқ. Мұзды суға түскендіктен денелерінде салқындық бар. Тиісті ем-дом жасалуда» делінген Атырау облысы полиция департаменті таратқан мәліметте.