
Атыраулық оқушы экопластиктен бұйымдар өндіруді қолға алмақ
Атырау қаласындағы Дінмұхамед Қонаев атындағы «Binom» мектебінің 10-сынып оқушысы Дария Бегалиева «Nature Plast» атты экологиялық стартап жобасын жүзеге асырып жатыр. Жобаның мақсаты – күнделікті өмірде қолданылатын пластик бұйымдарды алмастыратын, биологиялық жолмен ыдырайтын материалдар ойлап тауып, оларды жаппай өндіріске енгізу, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.
Дарияның айтуынша, экопластик желатин мен глицерин негізінде дайындалады, ал икемді технология материалдың тығыздығы мен беріктігін әртүрлі деңгейде жасауға мүмкіндік береді. Қазіргі таңда бірнеше прототип дайындалған: кардхолдерлер, қаптамалар мен карта ұстағыштар.
— Мысалы, бір үлгі оңай жыртылады – оның құрамында желатин аз. Ал екіншісі берік, оны ұзақ уақыт пайдалануға болады. Бұл материалды әртүрлі қажеттіліктерге бейімдеуге болатынын білдіреді, — дейді оқушы.
Жоба екі кезеңнен тұрады: зерттеу мен формуланы жетілдіру, одан кейін шағын өндірісті іске қосу. Jer Eco Hub байқауында жеңіске жеткен Дария Бегалиева 1 миллион теңге көлемінде грант ұтып алды. Бұл қаражат жабдық сатып алуға және экологиялық өнімнің алғашқы өндірістік желісін іске қосуға жұмсалмақ.
Жоғары сынып оқушысы мектеп оқушылары арасында сауалнама жүргізіп, 140 респонденттің 130-дан астамы бұл жобаны қолдаған. Дарияның алдағы жоспары – өнімді алдымен Атырауда жаппай өндіру, кейін жобаны кеңейту.
— Мен бұл технологиямен биылғы жылдың басында айналыса бастадым. Идея 2023 жылы пайда болған еді, бірақ нақты даму дәл қазір жүріп жатыр. Мен экопластик болашақтың бір бөлігіне айналады деп сенемін, — дейді Дария.
Nature Plast жобасы – Атырау облысының бастамашыл жастары тұрақты даму мен экологиялық сана қалыптастыруға үлес қоса алатынын көрсететін жарқын мысал.