Атыраулық Мәриям «Әлем жұлдызы» атанды
Мариям Ишанғалиева шілде айында дәстүрлі түрде өткізіліп келе жатқан «Мировая супермодель» байқауына онлайн түрде суреттерін жіберген еді. Байқау қорытындысы қыркүйекте белгілі болып, Мәриям жүлделі І орынмен Сочиде болатын финалға жолдама алды.
«Әлемдік модель» байқауы 3-15 жас аралығындағы ерекше қабілетті балалардың басын қосуға мүмкіндік туғызды. Ұйымдастырушылардың айтуы бойынша әлемдік додаға 40 елден қатысушылар келуі керек болған. Алайда, пандемия жағдайына байланысты тек 25 үміткер финалда бақ сынады. Жеті әділ-қазының пікірі бір жерден шығып, Мәриям 6-9 жас аралығындағы титулды жеңіп, «Мировая звезда»атағын алды.
̶ Қызым, үйден шығарда «мама, мен басыма тәж киіп келемін» ,- деп өз-өзіне сенді. Сайыс барысында қобалжығаны жасырын емес, өйткені 25 қатысушының ішінде бір ғана қазақ қызы өзі болды. Мариям кішкентай кезінен мен қазақпын деп өсті. Негізі туған жері Ресейдің Астрахань қаласы. Тәжді басына кигізген сәтте қуаныштан жылап жіберді. Қызымызға қолдау көрсеткен Бақытгүл Қайыржанқызына, Кайрат Бөлеков пен мектеп директоры Күнсұлу Үрпекқызы, ұстазы Мейрамгүл Темірханқызына алғыс білдіріп, Мәриямның жеңіспен оралуына тілекші болған барша Атырау халқына рахметімді айтамын! ,- деді анасы Арай Қарабалаева.
«Адай» күйімен сахна төрінде қазақ қызының бейнесін көрсеткен кішкентай жұлдыз қыз Атырау облысы, Құрманғазы ауданы, Көптоғай ауылының С.Мұқанов атындағы жалпы білім беретін мектебінде 3 сынып оқиды. Үлгілі оқушы бос уақытында би үйірмесіне қатысады. Оған қоса облыстық, республикалық байқаулардың жеңімпазы. Арманы Корея елінде білім алып, білікті дәрігер маманы болу.