Атыраулық етікші келіншек жұртшылықтың алғысына бөленіп отыр

img 2735 Жаңалықтар

Тірліктің көзін тапқан – байлықтың өзін табады. Атырау облысы Мақат ауданының тұрғыны Гүлдана Хауашева бала күнінен етік жөндеумен айналысады. Сүйікті ісі бүгінде кәсібіне, ал кәсібі нәсібіне айналғалы қашан…

– Мен Ақтөбе облысының Мәртөк ауылында өмірге келдім. Отбасында көп баланың үлкені болып өстім. Бауырларыммен ойнап жүрген кездерде арасында ойынды қоя салып, ескі аяқ киімдерді  жамап-жасқауға келе ме екен деп өз әлімше «зерттеп» үңіле қарап кететін әдетім болушы еді. Одан соң көп бала болғаннан кейін арасында аяқ киімнің «жауы» болып келетіндері де табылады. Сондайда үлкендер жағы ренжіп жататыны бар. Өйткені, екі қолға бір күрек тиетіндей жұмыс табудың өзі қиын уақыттар еді. Ал, қайта-қайта аяқ киім сатып ала беруге қаржы да бола бермейтін.

Ата-анама жаным ашығандықтан ба, ондайда дереу жыртылған аяқ киімді қолыма алып, мүмкіндігіне қарай бірде желімдеп, енді бірде тігіп қоюшы едім. Келе-келе үйдегілердің бұл әдетіме үйренгені соншалық, жөндейтін аяқ киім болса шеберханаға жүгірмей, маған бере қоятын, – деп күлді балалық шағына да шолу жасаған бүгінгі кейіпкеріміз.

Еліміз тәуелсіздік алған алғашқы жылдары халықтың тұрмыс жағдайы қиын уақытта балалық шағынан жанына серік еткен сүйікті ісін кері қолға алып,  нәпақасын таба бастайды. Қаржы тапшылығы ол тұста барлық отбасын айналып өтпеген еді.

– Егер адам өзіне ұнайтын кәсібін тапса, сол арқылы ырыс-несібесін арттырса, бұдан артық байлықтың, одан асқан бақыттың қажеті де болмай қалады. Ал, кейбір адам өзіне ұнамайтын жұмыс істеп жүреді. Ақшаны көп таба ма, аз таба ма, әңгіме онда емес. Мәселе – сол адамның істеп жүрген жұмысының көңіліне ұнамауында. Мақат ауылына келін болып түскеннен кейін өз бетіммен іс бастағым келіп, сан түрлі нұсқаны ойладым. Ақыры қолымнан келетін іс болғаннан кейін үйде отырып аяқ киім тігуге кірістім. Мұны көрген көрші-көлем, олардың таныстары қысы-жазы аяқ киімдерін жөндету үшін маған әкеліп тұратын болды. 2010 жылы жеке кәсіпкер ретінде тіркелдім. Одан соң жолдасымның қолдауымен Мақаттағы орталық «Барыс» базарынан етік жөндейтін дүңгіршек, кейін үлкендеу дүкен аштық, – дейді ол. 

Әрекет болса, берекет болады

Ол кездері «іс ашамын» деп талаптанған жанға мемлекет қолдаулар көрсете бастаған-тұғын. Соның арқасында Гүлданалар да «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорынан 1,6 миллион теңге көлемінде несие алып, жеке дүңгіршек пен етік тігетін іс машинасын сатып алады. Ал, қалған керек-жарағын қайтарымсыз гранттар арқылы түгендеуге тура келеді. Бүгінде Гүлдана Хауашева аудандағы беделді кәсіпкерлердің бірегейі.

etikshi 3 1

Иә, әрекет бар жерде берекет бар. Қазіргідей заманда, еселі еңбек етпей, табысқа қол жеткізу мүмкін емес. Бірге бірді қосып жүріп, бейнеттің зейнетіне қол жеткізіп жүргендерің бәсі артық.  Үзбей айналысқан берекелі бизнесін бастағанына да 17 жылдан асыпты. Соның өзінде «болдым, толдым» демейтін кәсіпкер әйел әлі де тәжірибе алмасып, өзгелердің де шеберлігін көру мақсатында  ел мен жерді аралауға ерінген емес. Айтуына қарағанда, атақты шебер етікшілердің шеберханаларында болып, аталған кәсіптің қыр-сырына қанығады.

Шағын ғана кәсібін жанұялық кәсіпке айналдырған Гүлдана отбасында ері мен әйелі жоспар-жобаларын бірге құрып, бір-біріне демеу болғанда ғана береке артатынын айтады.

«Еңбек адамды бақытқа бөлейді» емес пе? Ол өзіне ғана тиесілі, өзіне ғана лайық жолмен жүріп, адал тірлік жасайды. Гүлдана  да адал еңбекке жастық шағын арнап келеді. Кәсіптің негізін қарапайым ғана адамдық парасаттан іздеп, өзі мұрат еткен ісін абыроймен атқарып жүр. Бүгінде көпке үлгілі кәсіпкер.

– Әйел адамның ерлерге тән кәсіппен айналысуы өзгелерге ерекше көрінетіні анық. Дегенмен, мен бұл жұмыста негізінен жолдасыма иық артамын. Қолдаушым да өзі. Етікшілік – ерінбейтін жандардың кәсібі. Өнер десем де артық болмас және пайданың көзі. Әдепкіде мол пайда мен табыс әкелмесе де, табандылық пен шыдамдылықтың арқасында белгілі кәсіп кейін міндетті түрде кіріс көзіне айналады. Одан соң «Алтын көрсе, періште жолдан таяды» демекші, өзінің сүйікті кәсібімен шұғылданбаған адам кез-келген сәтте теріс жолға бет бұрып кетуі әбден мүмкін.

«Еңбек етемін» дегенге жұмыс көп

   Қазіргі заман мүмкіндіктерге толы. Еңбек етемін деген адамға ауадан да ақша жасауға мүмкіндік бар. Әр нәрсе адал еңбекпен, маңдай термен келеді деп ойлаймын. Еңбектің наны тәтті деп те бекер айтылмаған. Қазіргі кездегі ұрлық, алаяқтық – осы жалқаулықтың кесірі. Ақша табудың оңай жолы деп осындай қылмысқа баратын адамдар да кездеседі. Ол бәрібір жақсылық әкелмейді. Қандай табыс болса да, адал болуы керек деген ұстанымым бар, – деген ол кәсібін ұлғайту мақсатында өткен жылы химиялық жолмен аяқ киім тазалауды қолға алғандарын да жеткізді.

Айтпақшы, Гүлдана Хауашеваның үйінің жанында шеберханасы бар. Ол жердегі жұмыстарға отбасы – әсіресе, жолдасы мен ұлы көмек береді екен.

Әсілінде, іскер маманның мойнына жауапкершілік жүгі молырақ артылатын секілді. Кәсіптегі адалдық, ешкімнің еңбегін жемеу сынды дүниелер басты орында болуға тиіс. Екі адамнан да, мың адамнан да тұратын кәсіпте жауапкершілік бірдей. Ол – адалдық. Осы ұстанымды ұстаған Гүлдана Хауашеваның алға қойған мақсаттары да көп. Өмірдің өзі ұстатқан қайшының жүзіндей қайралып, әбден шыңдалған етікші ару фабрика ашуды мақсат етіп отыр.

«Кеңестік заманда елімізде 11 аяқ киім фабрикасы болған екен. Қазір халық саны көбейді, шеберлерге еркіндік те бар. Ал, қажетті материалдарды өзге елден өңгермей, өз елімізден де табуға мүмкіндік мол. Сондықтан, бұл саланы жандандыруға әбден болады» дейді ол. Сондай-ақ, Гүлдана аяқ киім бояуды жете меңгеруді қолған алған екен. Кәсіппен айналысам деген жастарға тәуекел етуге, неден болсын қорықпай, бар жігерімен беріліп істеу керегін де алға тартады. Әңгіме арасында Гүлданадан өзін не алаңдататынын сұраған едік.

etikshiii

– Ең бір көңілге өкініш ұялататыны, тепсе темір үзетін жігіттердің үйде жатып алып анасын, әйелін жұмсайтыны не сұмдық? Намыс қайда? «Қарға баласын аппағым, кірпі – жұмсағым» дейді ғой. Көп ана «менің баламның дипломы бар, еш жерге жұмысқа қабылдамайды. Үкімет жұмыс тауып беруге шарасыз. Несие алып оқыттым» деп жатады. Неге ол бала өз білімімен оқуға түспейді? Әлі келмей ме, білімі мен білігі жететін колледжге құжаттарын тапсырып, ақысыз бөлімде оқысын. Бізде «Ананың баласы институтта оқып жатыр. Менің баламның одан қай жері кем?» деген  түсінік бар. Баласының мүмкіндігі басқаның қабілетінен төмен шығар… Оны ешкім мойындағысы келмейді.

Шауып барып жоғары оқу орнына түсіреді, шетелдерде мақтан үшін оқытады да, сұраныс жоқ мамандықты алып беретіндер бар. Қазір заңгер, экономистер көп. Сол толып жүрген қаржыгердің ішінен білікті бухгалтер таба алмайсың. Осы жерде тағы бір мәселені көтерейін, жастардың көбі қазір шаштараз, аспазшы, тігінші мамандықтарын менсінбейді. Ал, нағыз пайданың көзі сонда. Бір адамның шашын әрлегені үшін кем дегенде 1500 теңге алады. Басқа жерлерге барса, кейбір кісіден 4000-5000 теңге алады. Оған күніне қаншама адам шашын қидырады, боятады. Білікті, өзінің жеке тұтынушылары бар шаш әрлеуші айына 300-500 мың теңге табады. Міне, есептей беріңіз…Атырау облысында «жұмыс жоқ» деген өтірік сөз. Екі қолға бір жұмыс қайдан  да табылады. Бизнеске бүгін 100 теңге салып, ертең 200 теңге пайда табам деген адам кәсібін аяғынан тұрғыза алмайды. Бастамай жатып, пайданы ойламауы керек.

Иә, бүгінгі кейіпкеріміз айтқандай, масылдық көктен түскен нәрсе емес. Ол – адам баласының бойында жүре пайда болатын жағымсыз қасиет. Сондықтан, масылдықпен күрес өмір бойы жалғасады. Адам өз бойындағы жалқаулықты қалай жеңуге тырысса, масылдықты да солай жеңуі керек. Бұл орайда ғалымдардың ойы «бәрі де адамның өзіне байланысты» дегенге саяды. Өмірде өз жолын дұрыс таңдап, сүйікті кәсібін таба білген адам ғана бұл қылығынан арылады.

  Рита ӨТЕУҒАЛИ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз