АТЫРАУЛЫҚ ЕКІ ЖАС ҮЙГЕ БАСЫП КІРІП, «КАСПИГЕ» АҚША АУДАРТҚАН
Атырауда әйелге қарақшылық жасаған күдіктілер ұсталды.
20 қаңтар күні сағат 22:18 шамасында Атырау қаласы Полиция басқармасының “102” арнасына 36 жастағы Шымкент қаласының тұрғыны қоңырау шалып, Атырау қаласында орналасқан көпқабатты үйлердің біріндегі уақытша тұрып жатқан мекенжайына сағат 21:40 шамасында белгісіз екі ер адамның заңсыз кіріп, асхана пышағымен және қаруға ұқсас затпен қорқытып, ұрып-соғып, “IPhone 6s”, “Samsung” ұялы телефондарын, “Apple Watch” смарт қол сағатын, екі алтын сырғасын, 40 мың теңге ақшасын тартып алып және 1,5 млн теңге көлеміндегі ақшасын телефондағы “Kaspi” қосымшасы арқылы басқа есепшотқа аудартып алғандығы жөнінде хабарлама берген.
Оқиға орнына дереу жеткен криминалдық полиция бөлімінің жедел уәкілдері мен Батыс-18 қызметкерлерімен жедел-іздестіру шараларын жүргізу кезінде 26 және 24 жастағы екі күдікті ұсталып, олардан екі ұялы телефон, екі алтын сырға, бір смарт қол сағаты, пневматикалық қару мен 1 млн 14 мың теңге көлемінде ақша тәркіленді. Аталған дерек бойынша ҚР ҚК-нің 192-бабының 3-бөлігімен (Қарақшылық) қылмыстық іс тіркеліп, екі күдікті уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды. Қазіргі уақытта тергеп-тексеру жұмыстары жүргізілуде.
Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ