Атыраулық депутат заңсыз балық аулаушыларды кооперативке біріктіруді ұсынды
Атырау облыстық мәслихат депутаты Сабыржан Сұлтановтың пікірінше, заңсыз балық аулаушыларды бір шаруашылық немесе кооперативке біріктіру тиімді.
«Оларды заңды түрде балықшы етіп ұйымдастыру мүмкіндігін қарастырсақ, балық аулау орындары мен аулау тәртібі белгілеп берсек, көлеңкелі айналымға тұсау салынар еді» дейді депутат Сабыржан Сұлтанов.
Сондай ақ, спикер облыста тоған шаруашылығын дамытуды ұсынды.
«Тоғанда тек бекіре тұқымдас балықты ғана өсіру міндет емес. Ақ амур, сазан сияқты қара балықтарды өсірсек, оның да өнімділігі жоғары болады. Олар асырауға қолайлы, шығыны аз, су талғамайды.
Осы шаруашылықты бір жолға қойып алса, өзін өзі ақтайтын, табыс тауып, қосымша жұмыс орындарымен қамтитын іргелі кәсіпорынға айналу мүмкіндігі бар» дейді депутат Сабыржан Сұлтанов.
Баян ЖАНҰЗАҚОВА