Атыраулық боччашылар олжалы оралды
Бүгін паралимпиадалық спорт түрі – боччадан Астана қаласында өткен дәстүрлі ашық республикалық турнирге қатысқан атыраулық спортшыларды ерекше ықыласпен күтіп алды. 4-6 наурыз аралығында өткен жарысқа төрт жерлесіміз қатысып, төртеуі де жүлделі оралды.
Атап айтсақ, Альберт Оразғалиев BC-1 санаты бойынша I орын, Аят Мамай BC-2, Жанерке Кенжебек BC-3 санаты бойынша II орын, Нұрасыл Жігер BC-2 санаты бойынша III орынға табан тіреді. Еліміздің 10 өңірінің намысын қорғаған 70 спортшы үш күнге созылған жарыста бар шеберліктерін көрсетуге тырысты.
– Спортшылар биыл жаз айында өтетін ел чемпионатынан жүлделі болса, алда халықаралық жарыстарға жолдамалар күтіп тұр. Ол үшін дайындық жұмыстарын бастаймыз. Өзімнің тобыма қатысатын 20 бала бар. Халықаралық жарыстарға қатысуға жасына байлансты төртеуінің мүмкіндігі бар. Болашақта паралимпиада ойындарына қатысуды армандаймыз, – деді бочча спортынан облыс құрамасының бас жаттықтырушысы Мейірімбек Кенжебек.
Сондай-ақ, спортшы балалардың ата-аналары елорда төріндегі жарысқа қатысуға демеушілік танытқан облыстық мәслихат төрағасы Мұса Қарашаұлына алғыстарын білдірді.
Бұл турнир еліміздің үздік боччашыларын анықтау, инклюзивті қоғам құру жолында атқарылып жатқан жұмыстарға жұртшылықтың назарын аудару және мүгедектігі бар азаматтардың тең құқықтары мен мүмкіндіктерін қамтамасыз етуді көздейді.
Алмас ҚАБДОЛОВ
Суреттерді түсірген: Ерлан АЛТЫБАЕВ