Атыраулық белсенді Арман Хайруллин 2021 жылды «Экология жылы» деп жариялауды ұсынды
Atr.kz/27 шілде, 2020 жыл. «Атырауда бүгін экологиялық апокалипсис болды деуге негіз бар.
Тоқсаныншы жылдардан бүгінге дейін ауа бассейніне 4 млн тонна уытты заттар шығарылған екен. Осының барлығы біздің денсаулығымызға зиян келтіріп отыр. Шақалақтардың шетінеуі және де түрлі патологиялар бойынша алда келе жатырмыз. Менің ұсынысым – біздің Экология министрлігін құрып берген президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев келер 2021 жылды Экология жылы деп жарияласа екен. Жиырма жылда бірде-бір Экология жылы жарияланған жоқ. Қазақстандықтарды осы ұсынысымды қолдауға шақырамын, — деді Арман Хайруллин «Экологиялық білім: қазақстандық қоғамда экологиялық білім беру, экологиялық мәдениетке тәрбиелеу және қалыптастыру» атты дөңгелек үстел отырысында .
Спикер жергілікті деңгейде атқарушы органдармен бірлесіп, көптеген жобаларды жүзеге асырып жатқанын жеткізді.
«Бүгінгі жиынға қатысушылар, министр ханым (Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева – ред.), сіздің де тарапыңыздан басқа да көтеріп жүрген мәселелерімізді қолдасаңыз, қоян-қолтық жұмыс істеуге қатыссаңыз деген тілегіміз бар. Тікелей интерактивті байланыс орнатайық. Экология министрлігі де сенбіліктерді ұйымдастырудан бөлек, келелі үлкен мәселелермен жүйелі түрде айналысуы керек. Ұлт денсаулығына қауіп төндіретін тақырыптармен айналысу керек, — деді қоғам қайраткері.
Айта кетейік, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі «Экологиялық білім: қазақстандық қоғамда экологиялық білім беру, экологиялық мәдениетке тәрбиелеу және қалыптастыру» тақырыбында дөңгелек үстел өткізіп жатыр.
«ҚазАқпарат»