Атыраулық ақын «Тәңірге хат» жазды
Atr.kz/21 ақпан, 2020 жыл. Қазыналы өңірдің әдебиет әлемі тағы бір тың туындымен толықты. Өлеңсүйер қауымға есімі етене таныс атыраулық ақын Асантемір Қаршығаұлының «Тәңірге хат» жыр жинағы жарық көрді. Жуырда жаңа кітаптың бұқаралық ақпарат құралдарындағы таныстырылымы «Атырау» телеарнасында өтіп, оқырмандар ортасында тұсауы кесілді.
Кітап белгілі тіл жанашыры Әбілхан Төлеуішовтің жеке қаражатына «Атырау-Ақпарат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде басылып шықты. Шарада облыстық «Атырау» газетінің бас редакторы Исатай Балмағамбетов, «Атырау» телеарнасының директоры Қанат Әуесбай кеш иесін жаңа туындысымен құттықтап, шығармашылық шыңдар мен биік белестерді бағындыра беруді тіледі.
Ал, Венера Машқалиева ақын сөзіне жазылған әсем әнді орайын келтіре орындады. Сол секілді, әнші Қайрат Кәкімов те өз пікірін ортаға салды. Автор бұған дейін де «Өзімнің аспанымның астындамын!» деп жалғанға жар салып, алғашқы жыр жинағын жазып шығарған еді. Ал, оның екінші еңбегі – сол жақсылықтың заңды жалғасы. Мұнда ақынның жүрек сөзі өлең болып өрілген. Әдебиет әлемінде өз қолтаңбасы қалыптасқан Асанның лирикалық өлеңдері оқырманын еріксіз баурап алады.
Сондай-ақ, екінші бөлімдегі арнау жырлардың да айтар өз шындығы бар. Кітап көпшілік оқырманға арналады. Кітаптың алғы сөзін жазған жазушы, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Қуандық Түменбаев автордың өн бойында тазалық барын, сондықтан өлеңдері де рухани таза болатынын айтқан.
Ол онда: «Асантемірдің бойында азаматтық бар. Өлеңдерінде бір құйылып тұрған мөлдірлік бар. Шынайылық қой ол. Төлегеннің өлеңдеріндей екпін бар. Махамбеттің өлеңдеріндей бір төкпелік бар екен. Ол аз жазса да саз жазады. Көп көрінуге тырыспайды. Бұл оқырманды күтпейді, оқырман оны күтетін ақын» деп баға берген. Ендеше, жыр айдынына жол салған Асан ақынға сәтсапар тілейміз!
Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ