Жарнама
Жаңалықтар

Атыраулық абысын-ажындар Маңғыстаудан бас жүлдемен оралды

Маңғыстау облысында өткен «Абысын-ажын» сайысы өз мәресіне жетіп, атыраулық Тақуз атадан тараған ұрпақтардың абысын-ажындары бас жүлдені иеленіп, республикалық байқауға қатысуға жолдама алды.

Оқ бойы оза шапқан абысындыларды Қазақстан темір жолы Атырау вокзалынан облыстық ішкі саясат басқармасы «Қоғамдық келісім» басшылығы және сайыс қатысушыларының туыстары салтанатты жағдайда қарсылап алды.

-Ақтау қаласында «Қазақ аналары — дәстүрге жол» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен өткен конкурсқа Атырау облысы бойынша Қазақстан халқы Ассамблеясының Аналар кеңесінің мүшелері қатысқан болатын. Байқаудың мақсаты — Батыс өңіріндегі аналар мен келіндердің басын біріктіру, ұлттық құндылыққа тәрбиелеу, отбасы мүшелері арасындағы сыйластықты арттыру бағытында өткізілді. Атырау облысы Еркінқала ауылдық округінен Тақуз ата әулетінің 8 абысын-ажыны өз өнерлерін ортаға салып, қатысушы 8 топтың арасынан бас жүлдеге ие болды, — дейді облыстық ішкі саясат басқармасы «Қоғамдық келісім» мекемесінің бөлім басшысы Кенжеқыз Мұсағалиева.

Былтыр өткен абысын-ажын сайысынан Атырау облысы екінші орынды иеленген болатын. Биылғы жеңіс көпшілікті тіптен сүйсінтті.

-Тақуз атадан бес ұрпақ тараған. Ұрпақтың немере келіндері мен шөбере келіндері болып сайысқа түстік. Сайыс бес кезеңнен тұрды. Өз қолымыздан жасалған бұйымдарды көрсетіп, ана мен балаға қатысты би билеп, сұрақ-жауап кезеңінен де сүрінбей өттік. Жалпы, конкурсқа 15 күнге жуық уақыт дайындалдық, — дейді қатысушы Ақпал Жалмұханова.

Айта кету керек, келесі жылы байқауға басқа әулеттің абысын-ажындары қатысуға ниет білдіріп отыр.

Ұлболсын МАРСҚЫЗЫ

Суретті түсірген автор

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button