Атыраулық 42 дәрігер өңірлік бағдарлама арқылы баспаналы болды
Екі жылдан бері аймақтағы мемлекеттік медициналық ұйымдарда жұмыс істейтін 100-ге жуық дәрігер осы тұрғын үй бағдарламасы арқылы баспаналы болуды қалап, өтініш білдірген. Арнайы комиссия бағдарлама талаптарына сәйкес өтініш иелерін баллдық жүйе арқылы бағалап, қорытынды шығарған.
Өңірлік коммуникациялар қызметінің хабарлауынша, бағдарлама нәтижесінде дәрігерлер бастапқы жарна төлемей, жылдық мөлшерлемесі 5 пайыз болатын несие алу мүмкіндігіне ие болды. Бағдарлама операторы – «Отбасы Банк» АҚ.
– Бұл бағдарлама білікті дәрігерлердің тұрғын үй мәселесін шешуге мүмкіндік берді. Яғни, мемлекеттік медициналық ұйымдарда кадрлардың тұрақтауына көмектеседі. Атырау облысы әкімдігінің қолдауымен 2023 жылдың желтоқсан айынан бастап, 2022 жылғы 1 қаңтардан мемлекеттік медициналық ұйымдарға жұмысқа орналасқан дәрігерлерге «Отбасы банкі» арқылы жеңілдікпен тұрғын үй несиесін беру жұмысы жүргізілді. Нәтижесінде 42 маман баспаналы болды, — деді облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Қайсар Абдалиев.
Ақхалаттылар тұрғын үй сатып алу үшін 25 миллион теңгеге дейін несие ала алады. Несие мерзімі –19 жылға дейін.
Айта кетейік, дәрігерлерді тұрғын үймен қамтуға мүмкіндік беретін өңірлік бағдарлама келер жылы да жалғасады.