
Атыраулық каратэшілер Азия чемпионатынан бір алтын, бір күміс еншіледі (+ФОТО)
Аtr.kz/2 мамыр, 2019 жыл. Малайзия мемлекетінде каратеден жасөспірімдер мен жастар арасында Азия чемпионаты өтті.
Сары құрлықтың биылғы кезекті жарысында 32 елдің кіл мықтылары бас қосып, бұл сында ел құрамынды өнер көрсеткен атыраулық спортшылар бір алтын, бір күміс еншіледі.
Жарыстың алғашқы күнінде 68 келі салмақта бақ сынаған Әбілмансұр Батырғали іріктеу кезеңдерінде Кувейт, Қырғызстан, Үндістан елдерінің спортшыларын айқын басымдылықпен ұтып, жартылай финалда тәжік елінің өкілін 5:3 есебімен жеңді. Ал, ақтық сында иорданиялық спортшыға 8:3 есебімен есе жіберіп алды. Осылайша, былтырғы Жапония елінде өткен Азия чемпионатында алтыннан алқа тағынған саңлағымыз, осы жолы күміс медаль иемденді.

Ертесіне 75 келі салмақта жарыс жолына шыққан жерлесіміз Бейбарыс Жаңбыр алғашқы кездесуінде Камбоджа елінің өкілін 6:0 есебімен ұтса, кейін өзбекстандық қарсыласын 4:0 есебімен тізе бүктірді. Ал, жартылай финалдық теке-тіресінде Иордания мемлекетінің өкілін сан соқтырса, финалда күн шығыс елінің спортшысын қапы қалдырып, Азия чемпионы атанды. Бейбарыс бұған дейін ел чемпионатын екі рет бағындырып, гюдзю-рю каратеден әлем кубогын иемденген еді.
Азия біріншілігінде көк туымызды көкке көтерген қос спортшымыз бен «Қайсар» спорт клубының жаттықтырушысы Сансызбай Торғаев елге оралғанда оларды Атырау әуежайында жергілікті спортсүйер қауым, тума-туыстары, жаттықтырушылары және бұқаралық ақпарат өкілдері салтанатты жағдайда күтіп алды.








Мұратбек ЖАҢАБАЙ