Атырауға «University Medical Center» корпоративтік қорының дәрігерлері келді
Облыстық Денсаулық сақтау басқармасы мен облыстық балалар ауруханасының ұйымдастыруымен өңірге «University Medical Center» корпоративтік қорынан кардиолог, нефролог, невропатолог, онкогематолог мамандары келіп, диспансерлік есептегі және облыстағы кішкентай балаларды қабылдап, кеңес өткізуде, деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Аталған корпоративтік қордың дәрігерлері тұрғындарды тегін қабылдап, диагностикалық кеңес жүргізуде. №7 қалалық емхана базасында өтіп жатқан қабылдау 3, 4 мамыр күндері 9:00-13:00 және 14:30-17:00 аралығында жүреді. Емделушілер аяқтай келіп, кезек арқылы қаралады.
-Бүгін UMC-тен келген мамандар облыстық балалар ауруханасында жатқан және арнайы №7 қалалық емханаға келген балаларға кеңес беруді бастады. Бұған дейін мамандардың келетіні туралы өңірдегі барлық емдеу сауықтыру мекемелеріне хабарланды. Қазір арнайы кабинеттерде невропатолог және онкогематолог мамандары қабылдау жүргізуде. Ал түстен кейін кардиолог, нефролог мамандары келіп, бүгін және ертең өңірдегі балаларға арнайы тексеріс жүргізіп, кеңес береді. Облыстағы балалардың денсаулығын жақсартуға бағытталған бұл іс-шара жыл сайын ұйымдастырылады,- деді Гүлнафис Танбаева.
Айта кетейік, «University Medical Center» Ұлттық медициналық холдингті трансформациялау арқылы құрылған корпоративтік қор. Бүгінде «University Medical Center» корпоративтік қорының құрамына 3 инновациялық клиника — Ана мен бала ұлттық ғылыми орталығы, Республикалық диагностикалық орталық және Балалардың оңалту ұлттық орталығы кіреді.