Жарнама
Жаңалықтар

Атырауға Маңғыстау, Шымкент, Жамбыл облыстарынан қосымша күштер тартылады

Ресей Федерациясынан бастау алатын Жайық өзені, Иректі суқоймасынан келетін судан келетін қауіптің алдын алуда облыста бірқатар жұмыс жасалуда.  Соңғы тәулікте Атырау қаласында орналасқан гидропосттардың көрсеткіші бойынша су деңгейінің өсімі байқалған жоқ. Бірақ  Атырауда көктемгі су тасқыны маусымы басталғалы бері Жайықтың деңгейі 324 сантиметрге көтерілді. Қазір Иректі су қоймасынан шығарылатын су әлі де толастаған жоқ. Соңғы тәулікте секундына 345 текше метр су жіберілді.

Бұл айтарлықтай көп өсім емес. Сонымен қатар Қиғаш-Шортанбайда да жоғары өсім жоқ. Бірақ «тілсіз жаудан» келер қауіптің алдын алу мақсатындағы жұмыстар үздіксіз атқарылып жатыр.

Осы және өзге де мәліметтерді облыс әкімінің орынбасары Жасұлан Бисембиев облыстық жедел штабта өткен брифингте мәлім етті.

–Облыс бойынша жаға бекіту жұмыстары 522 шақырымды құрап отыр. Бұл жұмыстар негізінен дамбыларды жасақтап, жағаны құммен толтырылған қапшықпен бекітуден тұрады. Жалпы осы жұмыстарға 17 895 адам  жұмылдырылды. Елді мекендерде еріктілердің саны өзгеріп тұрады. Бүгінде орташа есеппен 9 мыңнан астам ерікті күн сайын жаға бекітіп жүр. Сонымен қатар 1816 арнайы техника жұмылдырылды.  Алдағы уақытта Маңғыстау, Шымкент, Жамбыл облыстарынан қосымша күштер тартылады, 350-ге жуық әскери қызметкер мен әртүрлі деңгейдегі 200-ден астам техника жеткізіледі, — деді Жасұлан Орақұлы.

Айта кету керек, Атырау қаласында тасқынның алдын алу мақсатында  230 шақырым қорғаныс бөгеттерін салу көзделді. Қазір мұның 169 шақырымы аяқталып тұр. Ендігі уақытта 25 пайызға жуығы санаулы күндерде толық орындалады.

–Облыс орталығындағы бұл жұмыстарға 9 мыңға жуық адам жұмылдырылды,  3800 мемлекеттік бағыныстағы қызметкер де жаға бекітуге қатысып жүр. Каспийдің сағасында түп тереңдету жұмыстары жүргізілуде. Саға 2 метр тереңдікке дейін қазылуы керек. Ал Құлсары қаласында жағдай тұрақтанып келеді. Мұнда тасқыннан жинақталған суды  тазарту жұмыстары үздіксіз жүргізілуде. Құлсарыда келтірілген залалды қалыпқа келтіру жұмыстары қолға алынып жатыр, — деді Ж.Бисембиев.

Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button